Ала жаздай ән салған

Уақыты: 19.09.2017
Оқылды: 1229
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бұл сөзді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аудандармен селекторлық тәртіпте өткен жиналыста айтты. Жақсылық Мұқашұлы Крыловтың мысал өлеңін аймақтардағы тапсырылған жұмыстың қаншалық деңгейде орындалып жатқанына орай тілге тиек етті.

Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелердің бәрі өзекті, уақыт күттірмейтін жайттар бола тұрса да көп ауданның «ала жаздай ән салған» шырылдауық шегірткенің күйін кешкені рас. Мұндай ағаттықтардың бірқатары өңірдің жылыту маусымына дайындығын пысықтау барысында анықталды. Осы барыста облыстық білім және денсаулық сақтау басқармаларының жылыту маусымына дайындық барысы тыңдалды. 
Мәселен, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандарындағы жағдай көңіл көншітпеуде. Бүгінде бұл аудандардағы қыстық отын мәселесі толық шешілмеген. Әкімдіктің жауабы да әне-міне реттеймізден аспауда. Бұл ретте облыс әкімінің орынбасары кеткен ағаттықтарды жөнге келтіріп, елдің қыстан қысылмай шығуының қамын ертерек жасауды тапсырды. 
Келесі кезекте рухани жаңғыру аясындағы «Туған жер» бағдарламасының аймақтардағы дәріптелу және іске асырылу  барысы сарапталды. Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев аталған жұмыс бағыты бойынша атқарылған шаруаларды атай келе бірқатар аудандардағы жағдайдың мүлде көңіл көншітпейтінін жеткізді. Мәселен, Ұйғыр ауданында аталған бағыт бойынша нақты жоба іске аспаса, Текелі қаласының әкімдігі де бұл бағытта өнімді жұмыс істемей келеді. 
Мұндай кемшіліктер «Туған жер» бағдарламасын орындауда тағы біраз ауданның адымын аштырмай отырғаны рас. Осы себепті, Жақсылық Мұқашұлы аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасап, аймақтарда орын алған әрбір кемшіліктің облыстың атқарып жатқан шаруаларына кесірін тигізетінін айтты.  
Мектепке дейінгі білім беру ошақтарының жұмысы да назарда. Биыл облыс балдырғандарын балабақшамен қамту мәселесі бойынша атқарылған шаруалар жыл аяғына дейін 95 %-дық көрсеткішке жетуі тиіс. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аудан әкімінің орынбасарларына аталған бағыттардағы шаруа межелегеннен артық мөлшерде атқарылса да артықтық етпейтінін, ал кем істелген жағдайда оның басқа мәселе екенін атап өтті.

Қозыбай ҚҰРМАН.