ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Уақыты: 17.09.2024
Оқылды: 134
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Кең дала» шаруа қожалығының қызылша алқабында «Alem agro», «KWS» компанияларының ұйымдастыруымен қант қызылшасы өнімін молайтудың тиімді жолы, заманауи техникаларды қолдану, тұқым мен тыңайтқыш түрлері және тамшылатып суару технологиясын пайдаланудың маңыздылығы жөнінде республикалық семинар өтті.  


Жалпы, жетісу өңірінде қант қызылшасын өсірудің бай тәжірибесі және ұзақ жылдық тарихы бар. Ақсу, Көксу, Қаратал өзендерінің бойына алғаш қант қызылшасының тұқымы себілгеннен бері бір ғасырға жуық уақыт болды. Осы жылдары елге сыйлы, жұртқа өнегелі көптеген қызылшашының шыққанын ел біледі. Оларды жиі еске алып, тағзым етеміз. Сол үрдіс ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Жетісу өңірін еліміздегі қант қызылшасының отанына айналдырды. Биыл облыста 12 мың гектардан астам алқапқа қант қызылшасы егілді. Бұл деңгейге жету облыстық әкімдік тарапынан қызылшашыларға көрсетілген көмек пен қолдаудың нәтижесі деуге болады.

– Жетісулықтардың қант қызылшасымен айналысқанына ғасырға жуық уақыт болса да күтімді көбірек талап ететін дақылды өсіру бұрындары қол күшіне сүйенетін. Техниканың жетіспеушілігіне байланысты бұрынғы жылдары шаруашылықтар 8 мың гектардан астам алқапқа қызылша егетін. Осы жағдайды ескерген облыстық әкімдік қант қызылшасының өнімділігін арттыру мақсатында жер жыртатын, тұқым себетін, алқапты баптауға қолданылатын, жинауға арналған техниканың сан түрін жеңілдетілген несиемен шаруашылықтарға жеткізді. Соның нәтижесінде шаруалар заманауи техниканың күшімен егістік жұмыстарын толық игеруге мүмкіндік алды, – дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов. 

Биылғы жыл жауынды болды. Бұл қызылшаның өнімділігін арттыруға көмектескенімен арам шөптердің қаулап өсуіне де күш береді. Мамандардың айтуынша, біздің өңірде қурай шөптердің біржылдық, көпжылдық 40-тан астам түрі өседі. Бұрындары қолданып келген классикалық гербицидтер осы шөптердің 90 пайызын тұншықтырғанмен шырмауық, сары шырмауық, қамыс тұқымдас шөптерге қуаты жетпей,  оны жою үшін шаруалар қосымша қол күшіне сүйенетін. Осы келеңсіздікті болдырмау үшін былтырдан бері облыстық ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан немістер ойлап тапқан «Smart kambyza» бағдарламасын енгізуге жұмыс істеліпті. Осыған орай конференция-семинар өтіп, шаруаларға түсіндірілген. 

Осы тұста «Alem agro» компаниясының жетістігін ерекше атап кетуге тура келеді. Аталған компанияның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтар жоғары сапалы тұқымдарға қол жеткізіп, өсімдіктерді қорғауды, сондай-ақ макро-микро тыңайтқыштарды пайдаланудың заманауи жолдарын үйренді. Өсімдіктерді қорғаудан бастап, өсімдіктерді қоректендіруге дейінгі кеңестерін пайдалана отырып, жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік алды. Шара аясында компания өкілдері де соңғы жетістіктерін сөз етіп, алдағы жоспарларын таныстырды.

– «Alem agro» компаниясын жақсы білесіздер десем артық айтқандық емес. Ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп жатқанымызға 20 жылдан асты. Компанияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде 240-тан астам адам жұмыс істейді. Ал еліміздің әр облысында өзінің өкілдігі бар. Олар 3200-ден астам шаруа қожалықтарымен бірлесе ауылшаруашылығын өркендетуге күш салуда. Еліміздің әр өңірінде 30-дан астам филиалы болса,  Алматы, Талдықорған қаласында компанияның 30-дан астам қоймасы шаруалардың қажеттілігін қамтамасыз етуге дайын.  Біздің ұстанымымыз – дұрыс сервис, білімді команда, шаруашылықтарға тұқымды еккеннен бастап, алынған өнімді сатуға дейін көмектесу. Өйткені, Солтүстік, Орталық Қазақстан және Қостанай облыстарында бірнеше элеваторымыз бар. Осы арқылы жиналған өнімді сақтап, сатуға көмектесе аламыз. Биылғы басты жаңалығымыз – осыған дейін тыңайтқыштарды сатумен айналыссақ, биыл «Ваidala» компаниясымен ынтымақтаса отырып, минералды тыңайтқыштар ұсынуға көштік. Қант қызылшасын өсіретін шаруашылықтарды қаржыландыру мәселесін де қарастырудамыз, – дейді «Alem agro» компаниясы оңтүстік дирекциясының директоры Думан Жүнісқан. 

Келесі кезекте  еліміздегі және шетелдегі қант қызылшасы бағытында жаңа технологиялар өндіретін, тұқым, тыңайтқыштың жаңа сорттарын жетілдіретін, суару құрылғыларын құрастыратын, қаржыландырумен айналысатын «Вaidala»,  «BKH AGRO», «METZER», «DAGROC», тағы да басқа кәсіпорындардың мамандары тәжірибесімен бөлісіп, «KWS» компаниясының өкілдері егіс алқабындағы жаңалықтарын таныстырды. Семинарда қант қызылшасын өсірумен айналысатын көрші облыстар мен аудан, қаладан келген жетісулық шаруа қожалықтарының жетекшілері және ауылшаруашылығына жауапты мамандар, ардагер қызылшашылар емен-жарқын жүздесіп, ой-пікір алмасты.

– Биыл «Alem agro», «KWS» компанияларымен бірлесе отырып, осымен үшінші рет қант қызылшасын өсіруге байланысты семинар ұйымдастырдық. Бәрімізді бір ғана қант қызылшасының өнімділігін жоғарылатып, сапасын жақсарту мақсаты біріктіреді. Шаруашылығымыздың қант қызылшасы алқабы көктемде суарылып егілді. Күтіп- баптау жұмысы заманауи технологияның күшімен атқарылды. Оның нәтижесін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Осындай алқаптарда жиі-жиі болып, ортақ мәселені талқылап тұрған жөн. Ол алдағы істерімізге береке береді, – дейді «Кең дала» шаруа қожалығының жетекшісі Қалибек Алпысбаев.

Бүгінде облыста қант қызылшасын молынан егетін шаруа қожалықтарының саны артып келеді. Соның бірі Сарқан ауданы, Қарабөгет ауылындағы «Әбілқасымов» шаруа қожалығы. Бүгінгі семинарға шаруашылықтың негізін қалаған Балтабек Әбілқасымов пен қожалықтың шаруашылық жұмысын үйлестіріп жүрген ұлы Нұрлан Әбілқасымов та келіпті. 

– Алғаш 40 гектар жерге қант қызылшасын сеуіп бастап едік. Биыл егіс көлемін 400 гектарға жеткіздік. Өткен жылы гектарынан 70 тоннадан өнім алдық. Биыл мұнан көп болатынына сенімдіміз. Қазіргі таңда облыс әкімдігі тарапынан қант қызылшасын өсірушілерге көп қолдау көрсетілуде. Былтыр қант қызылшасынан мол өнім алып жүрген шаруашылықтарға сыйға берілген екі қызылша қазатын комбайнның біреуі бізге тиді. Оның өзі үлкен қолдау болды. Қант қызылшасына қатысты семинар, оқу-жаттығу жиындарына жиі қатысып тұрамыз. Ол жерден мол тәжірибе жинап қайтамыз. Келесі жылы егіс алқабын тағы да көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Әбілқасымов» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Әбілқасымов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауылшаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауылшаруашылығында кеңінен қолдану қажет», – деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шаруаларға бағытталған заманауи ауылшаруашылық технологияларын үйрететін орталықтар ашу жайлы да тапсырмалар берген. Семинарда осы тапсырманы орындауға қатысты ұсыныстар айтылды.

Қажет АНДАС
Мәулімбай ауылы,
Көксу ауданы