КӨРСЕТКІШ КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ

Уақыты: 20.09.2024
Оқылды: 40
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс бойынша дәнді дақылдардың 80% жиналды. Дәндік жүгерінің 1 172 гектары шабылды. Қант қызылшасын қазу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. 


Биыл Ақсу ауданының шаруалары 2 мың 200, Алакөл 644, Ескелді 3 мың 63, Қаратал 1 мың 461, Кербұлақ 877, Көксу 2 мың 337, Сарқан ауданы 2 мың 921, Талдықорған қаласы 150 гектар жерге қант қызылшасын еккен.  Бұл туралы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев баспасөз отырысында айтты.

Басқарма басшысының мәліметінше, дәндік жүгерінің 1 мың 172 гектары шабылып, 7,6 мың тоннасы жиналды. «Жаркент крахмал-сірне зауыты» дәндік жүгерінің қабылдау ылғалдығына қарай бағалап, қабылдауда. Мәселен, 20% ылғалдылықты 55 мың теңгеден алса, 15% ылғалдықты 15-60 мың теңге көлемінде бекіткен. 

–  Биылғы өнім жаман емес. Нәтиже көз қуантады. Жалпы, облыс бойынша 544,2 мың тнонна астық бастырылды. Гектар өнімділігі 23,1 центнерден айналуда. Облыс бойынша жалпы қуаттылығы сағатына 283 тоннаны құрайтын 7 астық кептіргіш бар. Жиналған астықтың 194,6 мың тоннасы сатылды. Картоптың 3,9 мың гектары жиналып,  81,5 мың тонна өнім алынды. Көкөністерден 152,5 мың тонна  өнім алынып, бақша дақылдары толығымен жиналды. Қант қызылшасын жинау жоспар бойынша тиімді атқарылуда.  Қазіргі таңда Ақсу, Көксу қант зауыттары өнім қабылдауды бастады, – деді облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрдәулет Сағадиұлы.  

Қант қызылшасының жиын-терін жұмысына 108 комбайн қатысуда. Оның 31 бірлігі биыл сатып алынған. Бүгінгі күнге жаңадан құрылған 8 сервистік даярлау орталықтарына   15 комбайн жеткізілген. 

Баяндамашының айтуынша, келер жылдың өніміне 70 мың гектар күздік масақты дәнді дақылдар себу жоспарланған. Күздік дақылдардың 27,8 мың гектары немесе 40,2% себілді. Облыс бойынша 127 мың гектар сүдігер жырту жоспарда бар. Бүгінгі күнге 47,7 мың гектарда сүдігер көтерілді. Дизель отыны бойынша оператормен мұнай зауытынан шілде айының көлемі толық  жеткізілді. Тамыз айындағы   1 мың 560 тоннасы сатып алынды. Минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 49 мың тоннаға дейін ұлғайтылып бекітілді.

Еңлік КЕНЕБАЙ