Белград төріндегі Қазақстан бөлшегі

Уақыты: 29.08.2016
Оқылды: 1769
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сәрсенбінің сәтінде Белград қаласында Қазақстан және Сербия мемлекеттері Президенттерінің қатысуымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Белградтық тұрғындар біздің мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты  үлкен құрмет, зор қошеметпен қарсы алды. Қазақстандық делегация тарапынан  қонақкәде ретінде Алматы облысының көркемөнерпаздары мазмұнды әрі ұлттық реңкке бай мәдени бағдарламаны тарту етіп, жергілікті тұрғындардың ризашылығына бөленді.

Балқан түбегінің орталығына қазақстандықтар жасаған арнайы мәдени сапардың екі жаққа да пайдалы болғаны анық. Соның ішінде облыс әкімі Амандық Баталов бастаған жетісулық делегация үшін тіптен табыстылығымен ерекшеленді деуге болады. Құрылыс, ауылшаруашылығы саласын, туризмді дамытуға, электр қуатының жаңғыртылатын көздерінің мүмкіндігін арттыруға қатысты ынтымақтастық орнату және инвестиция тарту жөнінде бірқатар тиімді келісімдерге қол қойылды.

Осылайша Еуропаның төріне қазақ әлемінің бір бөлігі орнады. Жыр алыбының ескерткіші тұрған шағын саябаққа  елді сағынғандар мен Қазақстан туралы білгісі келетіндердің жиналып, сырласатыны сөзсіз. Оған Еуропаға есімі кеңінен танымал суретші Ева Леливаның  (Наталья Кан-Мухаметжанова) төмендегі толғанысы дәлел бола алады: «Мен енді жанымды туған жерге деген сағыныш кернеп, аңсауым тым асқынған шақта қайда келетінімді жақсы білемін. Белградтың жүрегі іспеттес тұсқа орналасқан шағын саябақ біздің халықтың, жеріміздің  бір бөлшегі болып қалары анық. Өйткені Сербияда тұратын қазақстандықтарды ұлы Жамбыл атамыздың өзі бірлікке шақырып,  қорғап-қолдайтын  болады. Ескерткіш  арынды да адуынды  поэзия мен тәлімді далалық пәлсапаның белгісі ретінде еуропалықтардың жүрегінде  Ұлы Даланың ежелгі әрі мәңгі өркениетіне деген қызығушылықты оятары анық», – дейді Белградта тұрғанына және осында еңбек етіп жүргеніне біраз жыл болған суретші.

Ева Леливаның  өзінің галереясы және қалыптасқан табынушылары мен құрметтеушілері бар. Ол өзінің осы елдегі миссиясын Қазақстанның мәдени өкілі ретінде сезінеді. Қазақ көркемөнерінің сан қырлылығын насихаттаудан жалықпайтын оның ойына азаматтықты ауыстыру деген кіріп те шықпапты. Ева өзін елінің патриоты санайды және соған сай қызмет етеді. «Біздің Президенттің келетінін естігеннен бері көкірегімді кернеген мақтаныш пен қуаныштан өзімді қоярға жер таппадым.  Нұрсұлтан Әбішұлын Сербияда білікті бітімгер  әрі аса көреген саясаткер ретінде жақсы біледі әрі керемет құрметтейді! Мен біздің Елбасының портретін салып, Қазақстан елшілігіне тарту еттім», – дейді қуанышын бізбен бөліскен жерлесіміз.

Оқырмандар Қазақстан делегациясының Белградтағы іссапары туралы егжей-тегжейлі фоторепортажды  газеттің келесі санынан оқып, көре алады.

З. Сайдильдина.

Талдықорған – Белград– Талдықорған.