БЮДЖЕТТІҢ ҚОРЖЫНЫ ТОҚ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1300
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың он бір айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, республикалық бюджеттің орындалу қорытындысы және еліміздегі жекешелендіруді жүргізу бойынша ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндама жасады. Сонымен қатар, бірқатар облыс басшысы да өңірдегі жағдайлары туралы айтып өтті.

Жиналыста  Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жалпы ішкі өнімнің тұрақты өсімі үш ай бойы 4,1% деңгейінде сақталып отырғанын атап өтті. Өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, көлік саласында да оң өзгерістер жетерлік. Сондай-ақ, төмен инфляцияның және халық табысының өсуімен ілесе сауда-саттық та өсе түскен. Сыртқы сауда айналымы да тұрақты өсім қарқынын сақтап отыр. Қаржы министрінің айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) жоспардан 102,6%-ға асыра орындалса, бюджетке 7,38 трлн. теңге қаржы түсіпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 232 млрд. теңгеге көп. Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткішке жеткен. Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты, жанар-жағармай тапшылығы жоқ. Қазақстанда жанармай бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ дизель отыны тапшылығының қаупін азайту мақсатында ел шекарасынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін (дизель отыны) шығаруға уақытша тыйым салу үшін шаралар әзірлеуде.
Министрлердің баяндамасынан кейін Бақытжан Әбдірұлы облыс басшыларының есебіне назар аударды. Сол қатарда облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов өңіріміздегі бюджеттің орындалуы туралы айтып берді.
– Биылғы жылдың он бір айында облысымыздағы ақшалай табыс 105,2 пайызға, орташа жалақы 103,9 пайызға өсті. Бұл бағыттағы кейбір көрсеткішті тағы да жоғарылату үшін нақты шаралар қабылдануда. Елбасының «Бес әлеуметтік бағыт» тапсырмасы бойынша да тыңғылықты жұмыс жүргізілуде. Осы арқылы салық жүктемесі жеңілдеп, облысымыздағы 130 мыңнан астам адамның жалақысын көтеруге сеп болды. Келесі жылдың бірінші қаңтарында өңірдегі жалақының ең төменгі мөлшері 1,5 есеге артатын болады. Сонымен қатар, 57 субъектінің қызметкеріне 1,7 млрд. теңге уақытша өтемақы төленбек. Оның үстіне қолданыстағы тарифтер төмендеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді, – деді ол. 
Келесі кезекте Қаржы министрі Әлихан Смайылов жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы туралы баяндай келіп, қазіргі уақытта 296 млрд. теңгеге 465 нысан сатылғанын жеткізді. Бақытжан Әбдірұлы әлі де  8 нысанның сауда-саттыққа шығарылмағанын және қазіргі кезде 67-сінің саудада тұрғанын ескертіп, министрлік, жергілікті атқарушы орган мен холдингтерге осы жылдың соңына дейін жекешелендіруге жататын нысандарды сауда-саттыққа шығару жұмысын аяқтауды тапсырды.

Қажет АНДАС