ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 13.12.2018
Оқылды: 1129
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Индустрияландыру күні аясында өткен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты телекөпірде еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс арқылы онлайн режімде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жобалар іске қосылды. Телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылып, іске қосылды. 

Жылпыұлттық телекөпір барысында облыс әкімі Амандық Баталовтың мұрындық болуымен таныстырылған жаңа жобалар қатарында Қапшағай қаласы «Арна» индустриалдық аймағындағы халықаралық компания «Маревен Фуд» өндірістік-логистикалық орталығы да бар.
Елбасы осы жаңа жобалардың жұмысына сәттілік тілеп, индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.
– Бүгін біз индустрияландырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жобалардың іске қосылуымен, жаңа мамандықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын. Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар  еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту және өнімділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.
Облысымыз бойынша «Маревен Фуд» өндірістік-логистикалық орталығы ашылуымен қатар, өңір үшін тағы бір қуаныш орнағандай. Ол – «KEGOC» АҚ 500 кВ «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» желісінің іске қосылуы. Бұл жайлы телекөпір барысында Мемлекет басшысы:
– Бірінші айтылған кешен баяғыдан бері армандап жүрген іс – Шығыс Қазақстан арқылы Талдықорған мен Алматыны электр жүйесімен қосу болатын. Ол болмай тұрған кезде Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласы электр энергиясы жүйесінен шеттеу еді. Мінеки, қазір тұңғыш рет екі өңірді өркендету үшін электр қуатын іске қостық. Бұл өте қуанышты жағдай, – деп атап өтті. 
Жалпыұлттық телекөпір барысында кәсіпкерлердің де еңбегі еленіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының жеңімпаздары тізімінде облысымыздағы бірқатар кәсіпорын бар. Атап айтсақ, «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша облыстағы «ALUGAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталса, «Рыбпром» ЖШС «Азық-түлік және ауылшаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша, «DOLCE» ЖШС «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойын-ша, «Danone Berkut» ЖШС және «Шин Лайн» ЖШС, «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымы бойынша жылдың бас сыйлығына ие болды.

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы