ЖЫЛЫНА 21 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІН ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 1280
Бөлім: ЭКОНОМИКА
Жыл сайын желтоқсандағы екі үлкен мереке аралығында еліміз бойынша өткізілетін Жалпыұлттық телекөпірде республика аймақтарында экономиканың дамуына серпін беретін ірі кәсіпорындар іске қосылады. Мұндай игілікті істі Тәуелсіздік тартуы деп бағалау дәстүрге айналған. Биылғы «Индустрияландрудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» деген атаумен ұйымдастырылған Жалпы ұлттық телекөпір барысында жұмысқа кіріскен индустриялды-инновациялық жобалар арасында құрылысы басталғалы біраз болған, содан бері ел құлағын елеңдетіп отырған «Маревен Фуд Тянь-Шань» трансұлттық компаниясының Қапшағай қаласындағы жартылай дайын және бірден тұтынуға әзір азық-түліктер шығаратын зауыты бар. Елбасының сәттілік тілеуімен іске қосылған өндірістік-логистикалық орталықтың арқасында алдағы кезде қазақстандықтар «Роллтон» және «BIGBON» сынды әлемдік бренд бойынша шығарылатын азық-түліктік өнімдерді таңдағанда «Қазақстанда жасалған»  деген белгісі барына басымдық беру мүмкіндігін иеленеді. 
Облысымызда отандық өндіріс өркендеп келеді. Басқаны айтпағанда, елімізде өндірілетін  ауылшаруашылығы, оның ішінде егін және өсімдік шаруашылықтары өніміндегі  Жетісу жерінің үлесі аса қомақты.  Ендігі мақсат – сол өнімдерді өз өңірімізде тереңдете өңдеп, тұтынушыға дайын күйінде  жеткізу. Бұл жайында Мемлекет басшысы осы жолғы Жалпыұлттық телекөпір кезінде нақты тапсырмалар берді.
– Қайта өңдеуді жолға қойып, тауарларды барынша жоғары бағамен сату керек. Қазіргі кезде Қытайға, Ресейге және тағы да басқа елдерге экспорттың тамаша мүмкіндігі бар. Бізге тұтынуға дайын өнімдерді шетелдерге сатып, ақша табу және одан түскен пайданы ауылшаруашылығын одан әрі дамытуға салу қажет. Сонда ғана біз тұрғындарға табыс табуға көмектесіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қарқынын арттыру үшін қажетті қаражатты жинай аламыз. Осы орайда, Алматы облысында ұнды тереңдете қайта өңдеу өндірісінің іске қосылып, дайын өнімдер шығарыла бастағаны қуантады. 
Мемлекет алдағы кезде де ауылшаруашылығы өнімдерін тереңдете қайта өңдеуге негізделген өндірістерді олардың  орналасқан аймағына қарамастан жан-жақты қолдайды, – деген Елбасы жетісулықтардың аталған бағыттағы қадамын құптап, табыс тілеген болатын. 
Осылайша Тәуелсіздік мерекесін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты аса зор мәні мен маңызы бар жаңалықпен қарсы алған Жетісу өңірінде замануи кәсіпорын іске қосылды. Жобаға Жапония мен Вьетнам елдерінен инвестиция салынып, Қазақстан тарапынан қажетті мемлекеттік қолдаулар жасалды. Соның арқасында жоба қысқа мерзімде орындалды. Инвестициялық келісімшартқа қол қойылған сәт пен  өндірістің жұмысқа кірісуіне дейін бір жыл ғана өтті.     
«Mareven Food Holdings LTD» әлемнің жетпістен астам елінде табысты тәжірибе жинаған, жартылай дайын өнімдер және азық-түліктер өндірісі бойынша жобаларды тікелей инвестициялауға маманданған аса ірі трансұлттық холдинг. Дүниежүзінің төрт тарабына  түгел танылған холдинг Қазақстанда өз жобаларын жүзеге асыруға кірісті және алғашқы қадамды Алматы облысынан бастады.  Соның арқасында Қапшағай қаласындағы алып кәсіпорында даңқы әлемге танылған отандық  ұнды тереңдете қайта өңдейтін және жартылай дайын өнімдер мен азық-түлік тағамдар шығаратын өндіріс орны жұмысқа кірісті. Зауыт қазіргі кездің өзінде 500 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда шығарылған өнімдердің 80 пайызға жуығын Орталық Азия елдеріне, Қытайға, Иран мен Ауғанстанға экспорттау жоспарланған.  Құны  15 млрд. 400 млн. теңге болатын маңызды жобаның белгіленген мерзімде орындалуына ел Үкіметі, облыс және қала әкімдіктері мен «ҚазақИнвест» ҰК» АҚ тарапынан жасалған қолдаулардың оң ықпал еткені анық. 
Зауытқа азық-түлік өнеркәсібіндегі әлемдік көшбасшылар: Швейцария, Жапония және Германия сынды елдердің ең озық технологиялары пайдаланылып, инновациялық жабдықтары орнатылған. Қазіргі кезде кәсіпорында дәстүрлі кеспе түрлерін, «Үйдегі Роллтон» тұздықтары мен сорпасын, арнайы ыдыстардағы тез дайындалатын кеспелер, жентектелген әрі тез пісірілетін «Роллтон» шығаратын желілер іске қосылған. 
Кәсіпорынның үздіксіз және тәулік бойы жұмыс істеген кездегі есепті өндірістік қуаттылығы – жылына 417 миллион бірлік өнім. Өндіріске қажетті бидай ұнының негізгі бөлігі қазақстандық жеткізушілерден сатып алынады. Заман талабына сай салынып, жабдықталған қоймалық кешен Қазақстанның ішкі нарығы мен Орта Азия елдерін, Қытай, Иран, Ауғанстан мемлекеттерінің сұранысын тиісті  өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
Облыс әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, Жетісу өңірі инвесторлар үшін өзіндік тартымдылығымен ерекшеленеді. Соған сай,  облыстағы болашағы бар өндірістерге  қаржы салушылар қатары артып келеді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан оларға тиісті қолдаулардың барлығы жасалуда және алдағы кезде солай болады. Міне, осындай екіжақты ынтымақтастық пен түсіністік, жан-жақты қолдау нәтижесінде Қапшағайда жүздеген адамды еңбекпен қамтыған заманауи өндіріс орны ашылып отыр. Зауытқа салынған инвестиция мөлшері 50 млн. доллардан асып жығылады және жыл сайынғы өндіріс көлемі 21 млрд. теңгеге жуықтайды. Жаңа кәсіпорын осы жетістікпен шектеліп қалмайды. Алға жылжыған жылдармен бірге кеңейіп, кемелдене бермек. Болашақта мұндағы жұмысшылар саны мың адамға жетеді деген батыл болжам бар. 
«Mareven Food Holdings LTD» трансұлттық холдингі  директорлар кеңесінің мүшесі До Сан Хоанг мырза жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсеткен мемлекеттік органдарға, оның ішінде бірінші кезекте облыс пен қала әкімдігіне алғысын жеткізе келе, компанияның саясаты әлеуметтік жауапкершілікке  ыңғайластырылғандығын да атап кетті.  
Инвесторлар зауыттағы автоматтар мен станоктардың, желілердің заман сұранысына сай жасалғанын, сонымен бірге өнеркәсіп саласындағы  соңғы жаңалықтар пайдаланылғанын, экологиялық жағынан  тұрақтылығымен әрі энергетикалық тұрғыда тиімділігімен ерекшеленетіндігін мақтан етеді. Барлық жабдықтар әлемдік стандарттарға сай, саладағы талаптарға толық жауап береді. Жабдықтардың автоматтандырылуы алғашқы кезеңде 85 пайыз деңгейінде болады деп жоспарланып, жүре келе 95 пайызға жеткізілмек. 
 
Болат Қабдешұлы
Қапшағай қаласы