ОБЛЫСТЫҚ БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 14.12.2018
Оқылды: 969
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті ХХХVIII сессиясы өтті. Онда алдағы үш жылдың облыстық бюджеті туралы мәселе қаралды.

Сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады. Жомарт Амангелдіұлы 2019 жылға арналған бюджет жобасы 449,7 млрд. теңге болып бекітілгенін айтты. Басқарма басшысының сөзіне жүгінсек, алдағы үш жылға арналған қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Бұл шамамен 682 млрд. теңге, ол – бюджеттің 54,4 пайызын құрайды. Қалған қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инженерлік коммуникация, су және газбен қамтамасыз ету, тағы басқа салаларға арналады. 
Келесі жылы әлеуметтік қамсыздандыру үшін 17,9 млрд. теңге қарастырылады. Соның 455 млн. теңгесі 5 мыңнан аса мүгедекті шипажай-курорттық емдеуге жұмсалмақ. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге өскен. Ал 523,9 млн. теңге мүгедектерге арналған қол-арбалар мен протездер, тифло құралдар сатып алуға, 1 млрд. теңге бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнасының бөлігін субсидиялауға қарастырылады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында мамандарды ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге тарту жалғасуда. Осы ретте алдағы жылы 700-ден аса маман 176,7 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақыға, 523 маман 3,8 млн. теңге көлемінде пайызсыз несиеге қол жеткізбек. 
Цифрландыру бағдарламасына орай бірқатар шара белгіленіп отыр. Солардың қатарында білім беру ұйымдарын бейне бақылау жүйелерімен қамтамасыз ету, 156 мектепке WI-FI роутер арқылы кең жолақты интернет желісін орнату, пән кабинеттерін компьютерлік техникалармен және мектептерді жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтау, мектептерде құрылатын IT – сыныптарын жабдықтау жұмыстары да бар. 
Бүгінде облыста Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы сәтті жалғасуда. Бұл бағытта еңбек нарығын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және азаматтарға кәсіптік білім беруге 10,3 млрд. теңге қарастырылған. Оның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін несиелер беруге республикалық бюджеттен 4,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Тұрғын үй-коммуналдық саласында елді мекендерді абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, газдандыру, сапалы ауыз- су және жылумен қамтамасыз етуге қолдау көрсетілмек. Мәселен, коммуналдық қызмет үшін арнайы техника сатып алуға бөлінетін қаражат көлемі 1,1 млрд. теңгені құрайды. 
Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік бойынша алдағы жылға 29,4 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражат мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мәдениет нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге, «Рухани жаңғыру» жобасын жүзеге асыру бойынша мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға, халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейде әртүрлі спорттық шараларды өткізуге, тағы басқаларына жұмсалмақ. 
Ішкі саясат саласына 1,9 млрд. теңге, отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану саласы бойынша газ-көлік жүйесін дамытуға 9,5 млрд. теңге қарастырылуда. Ауылшаруашылығы бойынша 39,4 млрд. теңге, оның ішінде егін және мал шаруашылығын субсидиялауға, несиелер мен технологиялық құралдарды және ауылшаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, агроөнеркәсіп кешені субъектісінің инвестициялық салымдар кезіндегі шығындарының бір бөлігін өтеуге қарастырылып отырған қаражат бар. Қоршаған ортаны қорғау, орман шаруашылығы, су шаруашылығы, жер қатынастары, сәулет және құрылыс қызметі, көлік және коммуникация, облыстық маңызы бар жолдар мен ауыліші көшелерін жөндеуге қарастырылған қаражат көлемі де аз емес. 
Даму бюджеті бойынша республикалық бюджет есебінен 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа «Алматы–Өскемен–Лепсі–Ақтоғай», «Алматы – Өскемен – Қызыл қайың – Лепсі», Ескелді ауданындағы «Сарыөзек–Қорғас–Қоғалы–Көксу–Қарабұлақ» автокөлік жолдары қайта жаңғыртудан өткізілмек. Даму бюджеті бойынша «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ жарғылық капиталын ұлғайтуға 3,6 млрд. теңге қарастырылды. Бұл сома Ескелді ауданындағы қант зауытын қайта іске қосуға және Көксу ауданының зауытын жаңғыртуға және қант пен картоп бағытында сервистік дайындау орталықтарын құруға бағытталмақ.
Сессияда сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау, Қазақстан Республикасы Үкіметіне облыстағы ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу бойынша ұсыныс енгізу, облыстағы құқықбұзушылықтың алдын алу туралы ведомствоаралық және кадр комиссияларының дербес құрамдарын бекіту жөнінде мәселелер қаралып, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы сайланды. 
Сессияда қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ:
– Күні кеше Астанада журналистер үшін өткізілген брифингке қатыстым. Журналистер облыста атқарылған жұмыстардың ауқымды екенін айтып, сауалдарын қойып, пікірлерін білдірді. Сол атқарылған жұмыстар – бәріміздің бірлескен еңбегіміздің жемісі. Келесі жылы да алдыда үлкен міндеттер тұр. Елбасы үшауысымды мектептерді болдырмау туралы тапсырма берді. Сол бағытта жоспарлы түрде жұмыс істейміз. Президенттің «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын нәтижелі орындауымыз керек. Келесі жылдан Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына қарай газ тарта бастауға тиіспіз, – деген облыс әкімі басқа да салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқтала отырып бюджетті қарау барысында үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. 
Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Жақсылық Үшкемпіровтің «Біздің депутат» атты республикалық қоғамдық-саяси газетінің жылдық рейтингісі бойынша «Үздік депутат» атанғаны белгілі болды. Депутатқа арнайы төсбелгіні облыстық мәслихат хатшысы Сұлтан Дүйсембінов тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА