ТАБЫС ЕСЕЛЕНІП, ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙДІ

Уақыты: 19.12.2018
Оқылды: 1068
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жұрт көбінде Текелі қаласын туризм саласының өркендеуімен салыстыра қарайды. Алайда, кейінгі жылдары тау қаласында табыс көзін тауып отырған кәсіпорынның қатары көбейіп келеді. Бүгінде мұнда бір ірі, үш орта және 149 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Басында сан түрлі қиындықты бастан өткерген кәсіпорындар бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен. Сондықтан олар келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысын көтеруді қуана қолдап отыр. 

Сол қатарда Текелі «Тау-кен өңдеу комбинаты» ЖШС-ін ерекше атап айтуға болады. Іргелі кәсіпорын қазіргі таңда 900-ден астам адамды жұмыспен қамтуда. Тіпті, құрылыс комбинаты базасындағы жаңа металлургиялық зауыттың іске қосылуы табыс көзін ұлғайтты. Аталмыш өндіріс орны 2016 жылдан бері комбинатты қайта құрылымдау, кеңейту мен мүмкіндігін арттыру арқылы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Қазан айында бірінші домна пешін іске қосып, алғашқы шойынды шығарып, өндіріске жіберді. Осыдан кейін алдағы уақыттағы кәсіпорын жұмысының қажеттілігі үшін тағы да 90 жас маманды «АрселорМитатал Теміртау» АҚ базасында кәсіби дайындықтан өткізіп, тәжірибесін жетілдірді.  Жыл соңына дейін екінші домна пеші де шойын өндіре бастайды. Кәсіпорын толық қуаттылығына енгенде жылына 400 тонна шойын өндіретін болады. Бұл еліміздің шойын өнеркәсібінде тіркелмеген көрсеткіш. Тағы бір жақсы жаңалық, қазір кәсіпорын ең төменгі 32 мың теңге жалақыны бірден 42 мыңнан асырып тастады. Кәсіпорын басшылығы комбинат толық іске қосылғаннан кейін жұмысшылардың жалақысын жалғасты өсіретініне сенім білдіріп отыр.
Осыған ұқсас сүт өндірумен айналысатын «Алтын Чажа» ЖШС-да 40-тан астам жұмысшының жалақысын өсіруге кірісіп кетті. Зауыттың бас директоры Виктор Никифоровтың айтуынша, олар өткен жылы зауыттың кіріс көлемін есептей отырып, жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға көтерген екен. Бұл ретте Елбасының тапсырмасына орай, зауыттағы ең төменгі жалақы мөлшерін 42 мыңнан асырмақ.
– Біздің ұжым береке-бірлікте, ынтымақтаса отырып жұмыс істейді. Сондықтан өнімнің сапасы жоғарылап, танымалдылығы артып келеді. Есесіне, біз де олардың жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмектесуіміз керек, – дейді зауыт басшысы. 
Сондай-ақ, Текелі қаласындағы Ертай Дүйсебаев жетекшілік ететін «Руал» ЖШС, Евгений Майер жетекшілік ететін «ART-KZ» ЖШС, тағы да басқа ірі, орта, шағын кәсіпорындар жалақыны көтеруге ынта танытуда. 

Қажет АНДАС
Текелі қаласы

,