ЖАҢА ЖОБА: АУЫЛДАР ӨҢІРЛІК СТАНДАРТ ЖҮЙЕСІМЕН ДАМИДЫ

Уақыты: 26.10.2019
Оқылды: 1150
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қала мен ауыл тұрғындарын базалық мемлекеттік және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету үшін өңірлік стандарттар жүйесі әзірленіп, бекітілген болатын. Соған байланысты аймақтарда «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда.

Қалалық жерлер өңірлік стандарттар жүйесінің «20 минуттық қадамдық қолжетімділігі» қағидаты бойынша объектілермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етіледі. Ал, ауылдық жерлер үшін – ауылдарды дамыту перспективасы негізінде (аудан орталықтары, ауылдық округ орталықтары, халық саны аз қалған ауылдар) объектілермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету қағидасы негізге алынады.

Осылайша аудан орталықтары үшін объектілер мен көрсетілетін қызметтер тізбесі 32 атаудан, ауылдық округтердің орталықтары – 23, қалған ауылдар – 11, ал қаладағы жоспарлау секторы 51 атаудан тұрады.

Ағымдағы жылы елді мекендерде объектілер мен қызметтердің бар-жоғы нақтыланып, олардың қолданыстағы салалық нормативтерге сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттары №81 бұйрығымен бекітілді. Осы өлшемшарттарда «Халық» ауылдық елді мекендерінің басымдығын бағалаудың неғұрлым маңызды параметрі ретінде қарастырылып, халық санын бағалау соңғы 10 жылда жүргізіледі.

Барлық 732 ауылдық елді мекен 374 ауылдық кластерге біріктірілді. Оның ішінде басым кластерге 151-і жатқызылды. Онда ең ірі ауыл жақын орналасқан ауылдар үшін орталық және тірек болып табылады. Осылайша, 2024 жылға дейін өңірлік стандарттар барлық 457 басым ауылға енгізіледі. Оның ішінде 151 – тірек, 293 – спутниктік және 13 – шегаралық.

Одан бөлек, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларына сәйкес «Ауыл – ел бесігі» жобасы іске асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты – ауылда өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғыртып, оларды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.

Жобаны іске асыру тірек ауылдық елді мекендерде ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сондай-ақ спутниктік ауылдық елді мекендерді мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары ретінде дамытуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында 7 аудан орталығын қамтитын Жансүгіров, Бақанас, Қарабұлақ, Ұзынағаш, Сарыөзек, Балпық би, Шонжы ауылдарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу және жөндеу бойынша 44 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ: 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешен құрылысы, 2 аудандық орталық аурухана, 6 білім беру нысаны, 32 сумен, жылумен жабдықтау, кәріз, абаттандыру және кент ішіндегі жолдарды жөндеу бойынша жұмыс- тар жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 6,5 млрд. теңге бөлінді.

Бүгінгі күні Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылындағы Орталық скверге жөндеу жұмыстары, спорт алаңын жайластыру, жолдарды жөндеу бойынша жұмыстары аяқталды. Ал Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы сумен жабдықтау жүйелері, Д.Қонаев атындағы орта мектептің,  «Ақ тиін», «Балдырған» балабақшаларының ғимараттары жөнделді.

Жыл соңына дейін тағы 28 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, ауылдық аумақтарды да дамытуға жаңа серпін береді. Нәтижесінде халықтың жайлы өмір сүруі қамтамасыз етіліп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Жомарт ӘМІРХАНОВ,

Алматы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы