ҚАРАСАЙ АУДАНЫ: БАРЛЫҒЫ 23 ЕЛДІ МЕКЕН АУЫЗСУҒА ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 10.12.2019
Оқылды: 1125
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауданда «Қаскелең ауызсу жүйесі топтамасы» атты жобаның бірінші кезеңі аяқталды. Соған орай Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың және аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен салтанатты жиын өтті.

Жоба Қаскелең қаласындағы 60 мыңға жуық тұрғынды таза ауызсумен қамтамасыз етуге қабілетті. Су жүйесі топтамасының ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған вице-министр Сергей Громов бұл жобаның аудан тұрғындары үшін маңыздылығына тоқталды. Жоба толық аяқталған кезде ауданға қарайтын 23 елді мекен ауызсумен толық қамтамасыз етілетін болады.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов ақ батасын бергеннен кейін Сергей Николаевич пен Жандарбек Ермекұлы су жүйесін қосу тетікшесін басып, Қаскелең қаласын сумен қамтамасыз ететін резервуарға құйылған тіршілік нәрінен дәм татты. Одан бөлек, жұмысшы топ өкілдері үлкен аумақты алып жатқан ауызсу кешенінің техникалық қондырғыларын көріп, оператор ғимаратының, химиялық зертхана және басқа да бөлімдердің жұмысымен танысты.

2013 жылы басталған аталмыш жобаның құны –  2,463 миллиард теңге. Жобаның жүзеге асырылуына «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Тау шатқалдарындағы бұлақтардан бастау алатын Қаскелең және Казачка өзендерінен су жинайтын ауызсу жүйесі топтамасы елді мекенді жылына 4,46 миллион текше метр сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл жерде тіршілік нәрін залалсыздандыратын қажетті қондырғылар да қарастырылған.

Бас инженер Мұхтар Тәнікеновтің айтуынша, бірінші кезеңнің іске қосылуымен Қаскелең қаласы су тапшылығынан арылатын болады. Келесі кезеңде Шамалған, Тасқын, Жандосов, Қайрат, Шалқар, Құмарал, Еңбекші, Үштерек, Әйтей, Известковый ауылдары және үшінші кезеңде Жалпақсай, Алмалыбақ, Құмтоған, Ұлан, Жамбыл, Мерей, Көлді, Долан, Бұлақты, Райымбек, Абай және Қырғауылды елді мекендері ауызсу жүйесіне қосылады. Жобаны аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы