Елімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәжірибесі ретінде «Медиация туралы» Заң қабылданған болатын. Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын онша ауыр емес, орташа қылмыстар туралы сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар медиацияның қолданылу саласы болып табылады. Достық үйінде «Этносаралық қатынастар саласындағы медиация» деген тақырыпта семинар өтті.
Оған аудандардан кәсіби емес медиаторлар, судьялар және этномәдени орталық төрағалары шақырылды. Шараны «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев ашты. – Медиация қызметі қазақта бұрыннан бар. Ел арасындағы дау-дамайды би, шешен немесе ақсақалдар шешіп отырған. Билер жапа шеккен жақтың шығынын екінші жаққа төлету арқылы татуласуға мүмкіндік туғызған. Жиын барысында Атыраудан келген маман Неля Ыбыраева заңның тиімді тұстары жайлы әңгімеледі. – Қазіргі уақытта медиаторлардың қатысуымен көп істің тиімді шешіліп келе жатқанын айту қажет. Сот тәртібі бойынша қарастыруға тиіс даулардың саны қысқарды. Бітімгершілік рәсімдер – әділ шешім шығарудың кепілі. Медиациялық қызметтің түрі ақылы және ақысыз болып бөлінеді. Істі сотқа жеткізбей шешу – уақытты үнемдейді және жүйкені жұқарудан сақтайды. Сондықтан, ағайын арасындағы ренішті даусыз шешудің бұл жолы тиімді. Бұрын ата-бабаларымыз: «Ауыл ағасыз, тон жағасыз болмайды», – деп ұсақ-түйек өкпе-назды үлкендердің сөзіне құлақ түру арқылы даурықтырмай шешуге тырысқан. Араздасқандар ат-шапан айып төлеп, өзара татуласқан. Көрші-қолаңның түсініспеушілігін осылай медиатормен шешкен дұрыс», – деді баяндамашы. Семинар барысында әркім адамдық, сыйластық, сөзге тоқтау жайлы ойларын айтып, ақсақалдардың ел арасындағы дау-дамайды шешудегі дәстүрін қайта жалғастыру керектігін сөз етті. Этномәдени орталықтардың мүшелері көрші-қолаң арасындағы дау-дамайға араша тұру жайлы өз халқының салт-дәстүрін ортаға салды. Әр ұлттың көшбасшылары ел арасындағы тыныштықты сақтауға өздерінің де атсалысулары керектігін жақсы біледі. Медиациялық қызметті атқаруға этномәдени орталық қызметкерлерінің де қақысы бар. Қоғамдағы тыныштықты сақтау – баршаға ортақ міндет.
Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ.