"ҚАРА МАЙОР": ҚАРУЛАСТАРЫ МИЛЛИОН ДОЛЛАР ТІГІЛГЕН БАТЫР ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕЛЕДІ

Уақыты: 27.02.2020
Оқылды: 1218
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толып отыр. Осы орайда жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында Шолаққарғалы орта мектебінде аты аңызға айналған Жамбыл ауданының тумасы, «қара майор» атанған Борис Керімбаевты еске алуға арналған кездесу кеші болып өтті.

Жиынға Борис Керімбаевтың жанында жүріп, сан шайқасқа кірген жерлестеріміз Бақберген Әбішев пен Қанат Рақымбаев, Қайрат Қастекбаев, Сәлім Ибраимовтар қатысты. Ауған соғысы жайлы естеліктер айтылып, жастарды ерлікке, батырлыққа шақыратын есті сөздер ортаға салынды.

Оқушылар әңгіме барысында Борис Керімбаевтың соғыс кезіндегі ерекше тактикасы, қарамағындағы жауынгерлерді қоршаудан аман алып шыққандығы жайлы қызықты деректерге қанық болды. Батырдың жанына оққағар ретінде өз ауылдастары, аққайнарлық Бақберген мен Қайратты алып, оларға әкелік мейірімімен қарағандығы, Бәкеңнің арқасында көптеген қазақ жігіттерінің елге аман оралғандықтары тебіреніспен еске алынды.

Борис (Бақытжан) Керімбаевтың қарамағындағы жауынгерлердің батыл да шебер шайқасқандықтары соншалықты, сол өңірдегі Ауған әскерінің қолбасшысы Ахмед Шах Масудтың «қара майорды» өлідей, не тірідей әкелген адамға бір миллион доллар сыйақы тіккені де тарихи шындық.

Келесі кезекте сөз алған Ауған соғысының ардагерлері Қанат Рақымбаев пен Сәлім Ибраимов жастарға Отан қорғауда батыл болу, ел мен жерді сүйе білу жайлы әңгіме қозғады. Шолаққарғалы мектебінде осындай іс-шаралардың жиі өтіп, соғыс ардагерлерін құрметтеу, олардың ерлік жолдарын дәріптеу мәселесінің жақсы жолға қойылғанын айтқан олар ауғандық ардагерлер ұйымының атынан мектеп директоры Бақытгүл Ибраимоваға «Құрметті ұстаз» медалін табыс етті.

Ардагер ағаларына мектеп оқушылары өздері дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынып, арнау өлеңдерін оқыды. «Батырдың қасында ақындар жүреді» демекші, арнайы келген қонақ, Үмбетәлі ақынның немересі Әуелбек Ысқақов көпшілікке өзінің шығарған «Қазақтың қара майоры» атты өлеңін оқып берді.

Жалпы осы әдемі кездесу кешін ұйымдастыруға ұйытқы болған мектеп директоры мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Харабай Мұратқабыл бастаған ұстаздарға айтар алғысымыз шексіз. Ерлікке баулитын әдемі жиынды қорытындылаған ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Әбдібаев қария мен Шолаққарғалы селолық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Батырбаев келген қонақтарға  алғысын айтып, ауыл тұрғындары атынан ризашылықтарын жеткізді.

Мектеп оқушылары кеуделері орден мен медальге толы Ауған соғысы ардагерлеріне  сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Соңынан батыр жауынгерлермен естелік суретке түсті.

Н.ДОДАБАЙҰЛЫ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы