ПОЛИЦЕЙЛЕР АУҒАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 26.02.2020
Оқылды: 1436
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ауғанстанда әскери борышын өтеуге аттанған талай бозбала қан майданда қаза тапты. Міне, сол Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына да 30 жылдан асыпты. Осыған орай, Талдықорғандағы қалалық тұрғын үй шаруашылығы ғимаратының мәжіліс залында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 1-полиция батальоны басшылығының ұйымдастыруымен игілікті шара өтті.

Жиында полиция қызметкерлері зұлмат соғыстың зардабын көрген Шормақ Ілиясовпен, Сәкен Нұрқаевпен жүздесті. Шарада он сегізінде от кешіп, тас жастанған батырлар сұрапыл соғыстағы оқиғасын айтты. Сонымен қатар, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында ел мен жер, тіліміз бен салт-дәстүріміз жайлы әңгіме өрбітті.

Жиын барысында Ауған соғысының ардагері Шормақ Ілиясов:

– Қаншама жас осы белгісіз қырғында қан кешті. Сол батырларды еске алу мақсатында әр жылдың 15 ақпанында гүл шоқтарын қойып, еске алу күні аталып өтеді. Желтоқсанда Ауғанстанға кірген, ақпанда Кеңес әскерлерінің шыққан күндеріне байланысты түрлі шара ұйымдастырылып жатады. Бүгінде интернационалист жауынгерлерге арналған үлкен шара өтуде. Кездесуді өткізуге мұрындық болған облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы қызметкерлеріне алғыс білдіремін, – деп ақжарма тілегін ақтарды.

Ауған соғысының аяқталғанына орай қаламызда түрлі шара өткізіледі. Батырларға арналған әрбір игілікті іс – ол өткенге құрмет. Сонымен қатар, болашақ жастарға патриоттық тәрбие беріп, отаншылдыққа баулитыны анық. Өйткені, Отан үшін оқтан қаймықпаған бабалардың кешегі ісі – батырлық, бүгінгі әр сөзі –тарих. Отан алдында адал қызмет атқарып, елі мен жері үшін сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан ардагерлерге құрмет көрсету - болашақ ұрпақтың борышы.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Алматы облысы