"ҚОРҚЫНЫШ БОЛДЫ": АЛҒАШ ПАРАШЮТПЕН СЕКІРГЕН ЖАУЫНГЕРЛЕР ӘСЕРІМЕН БӨЛІСТІ

Уақыты: 27.02.2020
Оқылды: 1459
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан десанттық-шабуылдаушы әскерінің 500 қызметшісі алғаш рет парашютпен секірді. Мерзімді әскери қызметшілер осыған дейін барлық дайындықтан өтіп, шеберліктерін көрсеткен.

Парашютпен секіру – десантшылар дайындығының ажырамас бөлігі. Олар парашют жүйесінің құрылымын, оның тактикалық-техникалық сипаттамаларын, негізгі және қосалқы парашюттерді салу тәртібін зерттеп, жерде секіру элементтерін пысықтады. Десанттық-шабуылдаушы әскердің қатарына құлшыныспен келген жас десантшылар осы сәтті армандаған. Прашютпен секіруді жүзеге асырғаннан кейін, оларға көгілдір береттер мен жолақ жейде табысталды.

– Тікұшақпен биікке көтерілген кезде қорқыныш болды. Кейін дайындалыңдар деген белгі берілді. Мен қатарда үшінші болып тұрдым, алдымдағы балалар бірінен кейін бірі секіре бастады, мен де жақындап бұрын-сонды, тіпті, ойламаған сұлулықты көрдім. Ағаларымыз үйреткендей, мен парашют ашу үшін бірқатар іс-қимылдарды орындай бастадым. Шексіз аспанның құшағына енген кезде қуаныш, құлшыныс, таң қалу, сонымен бірге, қорқыныш сезімі бойымды биледі. Секіргеннен кейін жоғары қарап, аспандағы жарқыраған күнді көріп қорқынышым сейілді. Бұл керемет эмоцияларды мен ешқашан ұмытпаймын, – деді қатардағы жауынгер Мирас Қуанышбайұлы.

Десанттық-шабуылдаушы әскерлердің әскери қызметшілері үшін әуе-десенттық даярлығы - жауынгерлік дайындықтың негізгі пәні. Оның мақсаты – қарсыластың тылында жауынгерлік міндеттерді орындау үшін жеке құрамның, қару-жарақ пен әскери техниканың тұрақты түрде даярлығын қамтамасыз ету. Әуе-десанттық даярлық бағдарламасының келесі кезеңі бойынша мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қарумен секіруді орындайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"