НАЗАРБАЕВ КӨШЕСІНДЕГІ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ БЕЙНЕКАМЕРА ОРНАТЫЛДЫ

Уақыты: 03.03.2020
Оқылды: 994
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Полицейлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстардың алдын алу мақсатында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нәтижесінде, Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі пәтер иелерінің кооперативі көпқабатты үйдің барлық кіреберістерінің іші мен сыртына, ауласына заманауи бейнебақылау камераларын орнатты.

- Тұрғындармен келісе отырып, қаладағы кәсіпкермен келісімшартқа отырдық. Барлығын тегін орнатты, енді тұрғындар ай сайын коммуналдық шығын ретінде камера қызметін төлеп отырады. Біздің үйде пәтер ұрлықтары орын алған. Енді барлығы бейнетаспаға түсіріліп тұрғанда қылмыстар болмайды деп сенеміз. Өзге де үйлер осындай камера орнатуға ынта білдіріп отыр. Заманауи технологияларды тиімді пайдалануымыз қажет, - дейді «Желание» пәтер иелері кооперативі төрайымы Лейла Имандосова.

Тұрғындардың өз үйлерінде қауіпсіздік шараларын күшейткені полиция тарапынан үлкен қолдау тапты. Өйткені, орнатылған камералар тек кіреберісті ғана емес, барлық ауладағы жағдайды көруге мүмкіндік береді.

- Облыс орталығы аумағында «Қауіпсіз аула» жобасы іске асырылуда. Учаскелік полиция инспекторлары пәтер иелерінің кооперативімен және тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындар өзара келіскен жағдайда аулаларына бейнебақылау камераларын орнатады. Қазіргі уақытта қаладағы бірнеше үйде өте сапалы, көпфункциялы камералар жұмыс істейді. Бұл шаралар қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қылмысты жылдам ашуға мүмкіндік береді. Артықшылығын түсінген өзге үйлердің тұрғындары да жақын арада жаңа технологияларды пайдалануға мүдделі, - деді Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"