БАБА РУХЫН АСҚАҚТАТТЫ

Уақыты: 18.09.2024
Оқылды: 114
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тасырқағанда тас жауған кешегі жаугершілік заманда елінің, жерінің қамы үшін жортуылды жол кешкен, айбарлы жаумен белдескен бабаларға тағзым ету – бүгінгінің парызы. Қайқы қылыш асынып, қалың жұртты басынып келген дұшпанына туған жердің бір шөкім топырағын да бермеген ұлылардың ерлігін мансұқтау, өнегелі өмірін насихаттау да – бүгінгінің мойнындағы жүк һәм абыройлы борыш. Қатпар тарихтың қойнауында есімі айшықталған Бөрібай батыр Сарыұлының торқалы тойында осылай деп ойландық һәм толғандық.


«Ағынды менің Ақсуым, ақырып әлі ағасың», – деп қара өлеңнің құлагері Ілияс Жансүгіров жыр еткен құтты мекен, құсни қоныс төрінде баба тойы өтті. Ел қорғанған батыр, қол бастаған қолбасшы, кесім мен шешімді тіл құдіретімен салмақтаған би болған Бөрібай батыр Сарыұлының туғанына 330 жыл толуына орай ақсулықтар һәм батыр ұрпақтары жасаған дүбірлі той жан-жақты ұйымдастырылған.

Торқалы тойдың алғашқы күнінде бірқатар шара шымылдық түрді. Алдымен аудан ардагерлері волейболдан бақ сынасса, ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан да азаматтар мықтыны анықтасты. Ал,  баба туралы дастандар мен ғажайып шығармаларды жаттаған, бидің кесімді сөздерін санаға қондырған аудан оқушылары Бөрібай оқуларында кіл мықтыдан кім мықты екенін сарапқа салды.

Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылындағы Ақын Сара Мәдениет үйінде өткен Бөрібай батыр оқуларына жалпы саны 37 өрен қатысты. 15-18 жас аралығындағы және 18 жастан жоғары қыз-бозбала бақ сынасқан байқауда баба туралы ғажайып дастандар мен жырлар мәнерленді. Рухани шара қорытындысы бойынша 15-18 жас аралығында І-орын иегері деп ойтоғандық Айдана Төлепбекқызы танылып, 150 мың теңгені иеленді. Көшкентал және Жаңалық ауылдарының сенімін арқалап келген Еркежен Нәбиева мен Алина Асанқызы ІІ-орыннан көрінді. Ал Сырттанов және Қаракөз ауылынан келген Әдемі Бауыржанқызы және Сандуғаш Өмірсерік ІІІ -орын иегері деп танылды. Маржан Жеңісбекқызы, Ботагөз Сұлтаннұр, Айжан Мұхаметәлі, Балжан Сағымбек, Эльдар Нұрмұхан 15-18 жас аралығындағы Бөрібай батыр оқуларының ынталандыру сыйлығына ие болса, 18 жастан жоғарылар арасында Ақмарал Берік, Айсұлу Бейбіт, Жайнаргүл Жақияқызы, Айбар Есболат, Назерке Махмутқызы ынталандыруды иеленді.

 Осылайша Бөрібай батырдың 330 жылдық мерейтойының алғашқы күні қазақтың қанын қыздырар ұлттық ойынға ұласып, алғашқы күннің нүктесі Салым көкпармен түйінделді.

Келесі күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген меймандар мен зиялы қауым өкілдері, ақсулық ағайын Бөрібай батырдың еңселі ескерткішіне гүл шоғын қойып, ұлы тұлғаға зиярат етті. Есті әңгімелер айтылып, баба рухы мен ерлігі, өрлігі, өнегелі өмірі турасында тарихи әңгіме қозғалды.

Өз кезегінде аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Ел қорғаған – Ер Бөрібай» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Рухани шараның басында Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев сөз алып, ұлт ұлағатына асыл сөзін, тарихына ерлігін қашап кеткен ұлы тұлғаның мұрасын түгендеу, оның әр ісін ұрпаққа насихаттау бүгінгілердің борышы екенін айтып, көпшілікті қуанышпен құттықтады. Оған қоса тойдың маңыздылығына тоқталды.

Ғылыми-танымдық конференция барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақсу ауданының Құрметті азаматы, тарихшы Дүйсен Мұхаметшарұлы «Бөрібай сыбағасы», Ақсу ауданының Құрметті азаматы, тарихшы Болатхан Боранбайұлы «Үш жүзге ұран болған ер Бөрібай», тарихшы, өлкетанушы, шежіреші Жемісбек Дулатбекұлы «Бөрібай – тарихта», зерттеуші Ерден Нұрахмет «Бөрібай ізбасарлары» атты баяндама жасап, тарихтан тағылым үзді.

Атаулы тойдың қорытындысында Молықбай Басақұлы атындағы Мәдениет үйінде аудандық кітапхана «Елге қорған, ерлікке ұран болған Бөрібай батыр» атты кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесін ұсынса, Ақсу халық театры драматург Айдын Рысбек- ұлы  «Бөрібай» пьесасын көрерменге ұсынды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ