САЯТ АҒАНЫҢ САҒЫНЫШЫ

Уақыты: 18.09.2024
Оқылды: 108
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Саят Ілиясұлы – қоғам қайраткері, аса көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің тұңғышы, Қазақстанның Еңбек сіңірген геологы, әдебиет пен тарихтың жанашыры. 1930 жылы 21 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Мәскеуде білім алып, ұзақ жыл Қазақ КСР Ғылым академиясының Тау-кен ісі институтында қызмет еткен. Әкесінен 8 жасында айырылған Саят ағамыз: «Әкем маған заңғар Алатаудай алып күшті, дәу кісідей болып көрінетін. Оның бойында ешбір ренжу, жабырқау, мұңаю қасиеттері жоқ болатын», – деп  әкесін еске алатын.


Саят ағамыздың анасы Батима Төребаева Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тумасы. Ілияс Мәскеудегі журналистика институын бітіріп елге оралғаннан соң қазақ әндерін жинаушы Александр Затаевичпен бірге оңтүстік өңірлерді аралап, халық арасынан ауыз әдебиет үлгілерін жинақтауға көмектесіп жүріпті. Сол сапарында Батима Төребаевамен танысады. Екеуі бірін-бірі ұнатып, көп ұзамай шаңырақ көтереді. Сөйтіп 1930 жылы  тұңғыш балалары Саят дүниеге келеді. Ілиястың баласын Саят деп атауы ит жүгіртіп, құс салған саятшылыққа деген әуестігінен туған екен. Саяттан кейін туған Сайра деген қыз бес айлығында шетінеп кетеді. Осыдан соң Ілияс Фатима Ғабитовамен қосылып, сол кісіге үйленеді. Батима (Саяттың анасы) екеуі ешбір ұрыс-жанжалсыз, ортақ шешіммен ажырасқан. 

Ілияс Батима Төребаевамен ажырасып кетсе де өз баласын жадынан шығарған емес. Себебі, өзінің қаны – баласын ұмытпаған, өмірінде қаншалықты аласапыран қарбалас орын алып жатса да ұлы үшін уақыт таба білетін қамқор әке.  Журналистің: «Әкеңізге деген өкпе-ренішіңіз бар ма?» деген сұрағына Саят ағамыз: «Жоқ, айналайын. Сол анау репрессияға ұшырап, атылып кеткенге дейін басқа отбасымен тұрып жатса да әкем ылғи да келіп, бірдеңесін әкеліп, ойнатып, көңілімді аулап кетіп тұратыны осы кезге дейін көз алдымнан кетпейді», – деп жауап берді.

«Алматыда әкем менімен жүздесіп көрісуге жиі келіп тұратын. Әлі күнге дейін есімде, көз алдымнан бір сәт те кетпейтін көкірегімде сайрап тұратын әкемнің күлімсірегені, көкірегіне қысып сүйгені, бәрі-бәрі жадымда сақтаулы. Көңілге медеу болған «Саятком, Саятайым» деген жылы лебізі, тәтті сөздері мәңгі жүрегімде қалды», – дейді Саят ағамыз өзінің «Менің әкеммен кездескендерім» атты естелігінде.

Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс өмір сүрген заман зұлымдық пен сатқындыққа толы болды. Осындай аласапыран заманда аш қасқырдай ақ пен қараның байыбына бармай талқандай беретін үкіметтің, жүрегінде жылуы жоқ қатыгез, жаналғыш «жандармдардың» ешкімді де, ешнәрсені де аямайтынын біліп, балаларын  қолынан келгенше аман сақтап қалуға тырысты. «Бар білетінім – менің атымды баскесерлерге айтқан жоқ. Жалпы еш сұраққа жауап бермеген көрінеді. Сөйлескісі келмеді. Ол кездегі өкімет өз пікірін, бағытын жасырын ұстады», – дейді Саят ағамыз. Ұл баланың жүгінің ауырлығын, ертең анасын, қарындастарын асырайтын азамат боларын біліп, бір қатерден болсын сақтағысы келгені болар, тіпті өзінің 1936 жылы берілген төлқұжатында отбасы деген жеріне «ұлы – Азат, қыздары – Ильфа мен Үміт» деп көрсеткен екен. Ұлы Саят жайлы ештеңе жазбапты.  

«Әкем мен үшін көңіл аударып, уақытын бөлмеді деп кінә таға алмаймын. Кінә тағу орынсыз қате деп ойлаймын. Түсінемін, мүмкіншілігі болмаған шығар. Тағдырдың маңдайымызға жазған жазуы осылай болған шығар», – дейді Саят Ілиясұлы.

Тау тұлғалы азаматтың ұлы болу Саят ағамызға да талай қиыншылығын, қыспағын танытқан еді. Соған қарамастан «Алаш жолы» газетіне берген «Әкемді билік қудаласа да, халық жақсы көрді» атты сұхбатында өзінің алдағы жоспары деп: «Алла Тағала ғұмыр берсе, әкемнің шығармашылығын орысшаға аударып жеке жинақ шығарып, әкем туралы естелік кітап жазсам деймін» деп айтқан еді. Сол үшін жасы келіп зейнетке шықса да әкемнің елі үшін еміреніп, жұрты үшін жұмылып жазған шығармаларын халыққа танытуым керек деп тынбай еңбектенді. Ақынның «Менімше», «Малта», «Өтірік өлеңдер» секілді жырларын орыс тіліне аударып, тәржімалады. Бірақ тағдырдың маңдайға жазылған жолында  естелік кітап шығару бұйырмаған екен. Сол арманның кішкентай бір бөлігін орындау мақсатында Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің меңгерушісі Нұргүл Жауынбаеваның басшылығымен ақынның 130 жылдық мерейтойына орай  «Саят Жансүгіровтің естеліктері мен сұхбаттары» атты кітапша жарық көрді. Кітапшада Саят Жансүгіров естеліктері мен әртүрлі газет-журналдарға жарияланған сұхбаттары, аудармалары жинақталды. 

Саят Жансүгіров – әкесі Ілиястың қазақ әдебиетіне қосқан мол мұраларын жинақтаушы, насихаттаушы, жанашыры ретінде халық арасына танылды. Саят ағамыз әдебиет саласына кеш келсе де әкесі Ілияс Жансүгіров туралы жазған естеліктері мен өлеңдері, мақалалары, сұхбаттары оқырман қауымының әрдайым жадында сақталмақ. Ендеше ғылым мен әдебиет саласына көз майын тауысып, қаламымен көптеген сын, зерттеулерді ақ параққа түсірген ғылым кандидаты Саят Ілиясұлының ғылым мен қазақ әдебиетіне қосқан ерен еңбегін әдебиетсүйер қауым, қалың қазақ жұрты ұмытпасы анық.

Аида ҚҰНАНБАЙҚЫЗЫ, 
І. Жансүгіров әдеби музейінің
 аға ғылыми қызметкері