Сөнген ойды жандыруға сөз керек

Уақыты: 14.03.2017
Оқылды: 2189
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жуырда бізге бір оқырман хабарласып, газетіміздің өткен сандарының бірінде «Күнде» күнде адастырмасын десек», деген тақырыппен жарияланған мақаламызға қатысты өз ойын айтты. Осындағы «Күрде» сөзінің сонау түркілік кезеңнен бастау алатыны жайлы да өз ойындағы дәлел-дәйегін алға тартқан-ды. Шын қуандық. Еңбегімізге орай өз аяғымен келіп жеткен пікір болғасын. Әрі мәртебелі оқырманның мәйекті, мәнді, миуалы сөзге шын тоқтаушы һәм жоқтаушы пейілін танығасын.

Бұл туралы біз де сол сандағы атаулы мақалада тәптіштей баяндағанбыз. Бүгінгі «күрделі» деген сөздің түркілік сөз тудырушы «лі» жұрнағының әсерінен «күрде+лі» түрінде жасалғанын да тілге тиек еткенбіз. Ең қызығы, осыған орай білікті журналист, сөзтанушы Серік Әбікенұлы да бұл мақаланы оқығанын жеткізіп, ондағы «күрде» сөзінің біз пайымдағаннан бөлек, жіп атауына қатысы жайлы аз-кем әңгіме өрбіткен болатын. Әрі бұл сөздің тек қазақта ғана қолданылып қоймай, алыс-жуық Еуропаның біраз елінде де сөздік қордан табылғанын дәйек еткен-тұғын.
Бақсаңыз, бұл уәждің де бәтуәсі бүтін, байлауы берік-ті. Себебі, кезінде ат тұяғымен жарты әлемді дүбірлетіп, қазіргі венгр жеріне дейін сұғына барған даңқты ғұн әскерін еске алсаңыз жеткілікті-ақ. Кейіндеп осы өңірлерге сіңген сол жауынгерлер өздерімен қоса түркінің түмен-түмен сөзінің дәнін осы топыраққа егіпті. Оның айқын дәлелі – этимолог ағамыз айтқан батыстық атаудағы «Corde» сөзі-тін. Енді оны қазақша сайратсаңыз, атты жетелеуде, бір шеңберде айналдыра шаптыруға арналған жіп атауы болып шыға келеді. Ал бізде «күрде» сөзінің мағынасы тебегенді артқы аяғынан шалып, мойнына іліп тартатын жіптің аты екенін алдыңғы материалымызда айтқанбыз. 
Осы ретте, әр сөздің мәніне терең үңіліп, әр мақаламыздың өзегінен өзіне керектісін алуға ұмтылған зердесі тұтқыр оқырманға тағы да біраз сөздің мәнін аша кетуді жөн көрдік.

«Сыралғы»
 деп неге айтқан?
Бұл сөзді әдетте біз «Ой, ол бір сөздің сыралғысы ғой», «Әй, оның әңгімесінің сыралғысы-дағы» деген құлаққа сіңісті біраз тіркеспен-ақ танимыз. Иә, дәп-дәл сол «сыралғы». Онан ары, тіпті, оның қандай мағына беретіндігі жайлы ойланып та көрмегенбіз. Міне, осы немқұрайлық, немкеттік бізді сөзден алыстатқан.  Мүбәдә деймін, егер сізден ұлыңыз: «Әке, осы «сыралғы» деген не сөз?», – деп құтқуырлай сұраса, сіз оған табанда жауап таба алмай күмілжіп: «қалай айтсам екен, балам, ол енді «сөздің сыралғысы» деген тіркестен-ақ белгілі ғой, әйтеуір, сыралғы деген жаман сөз емес», – деп құтылар ма едіңіз, кім білсін?
Ал сонда «сыралғы» деген қандай сөз дейсіз ғой, айталық онда. Ертеректе ат үсті, жауынгер қазақ өмірі көп сөзге көрнеу мән үлестірген. Соның бірі – осы «сыралғы» сөзі. Яки, оның мағынасы соғыста, жаугершілікте мол түскен олжадан өзгелерге де берілетін үлес. Енді, бұл сөздің неге осылай аталғаны көпке де белгілі болса керек. Әсілінде, сырттан олжаланған заттан бір аумақтағы көп адамның «ауыз тигісі», игіліктенгісі келетіні рас. Осы себепті де алыстан олжа тартқан адамның еліне оралғандағы ең бірінші істейтін харекеті сол – ел үлесін тарату. Мұндағы түпкі мән де елдің аузындағы сөзден сыр алу. Яғни, бұл әрекетіне, осы жорығы (немесе барымтасына) жұрт пікірі қандай? Міне, осы сауал оның ертеңгі ерлігінің, батырлығының өлшемі болмақ. Оның бер жағында ел ішіндегі ішінара бөгде ниетті жандардың қызғанышы оянып, олжаның дерегін әдепкі иесіне жеткізіп қою қаупі де бар-ды. Сол себепті де жалпының аузына ауызбасыртқы есебінде сыралғы үлестіретін болған.
Ауызбасыртқы демекші, байыптай білген адамға бұл сөздің де әдепкі мәні өзгеше. Бүгінде «ауызбастырық беру» тіркесі тәп-тәуір тауып айтқан сөздің әлпетіндей көрінетіні рас. Содан да болар, әркімнің аузына үйірсек тартып үйіріле беретіндей. Тіптен, осы сөздің жасалымы туралы тәп-тәуір деген тіл зерттеушілерінің өзінен сұрағанымызда «ауызды бастыру» деген сөзден шыққан ғой. Оның не сұрайтыны бар», – деп қойып қалып қарап отырғаны бар бізге. Ал бұл жауаптың атының былайғы жұртта «домалақ долбар» атанатынын, өзінің дүдәмал ойды дүрбі еткен дүмбілез пікірлі зерттеуші екенін мойындағысы келмейді бұлар. Өйтпесе, ауыз деген сөзді ажырата тұрып, «бастырық» деген соңғы сыңарына да  бір ауық назар салса не етті? Әгәрәки, олай етсе, аталған сөздің есікті, қақпаны ішінен ілетін, я болмаса ашылмастай жабатын  көлденең таяқтың атауы екенін білудің өзі тым-тым қиын емес-ті. Ол үшін, тіпті, том-том сөздік ақтармай, жиын-тойда топ-топ болып жиналған қариялардың қасынан табылсаңыз, білгіңіз келген сөзді бөгелмей айтсаңыз, жетіп жатыр...
Ал енді, ежіктей бәрін айтпасақ та «ауызбастырық» деген сөздің ауыздағы сөзді жаңағы есікке арнайы қолданылған таяқ секілді ілуші, иә болмаса ауызды жабушы бір материалдық затқа жорта қойылған атау екенін байқайсыз. Бұл сөздің кешегісі мен бүгінгісінің айырмашылығы, артықша парқы сол – бізден ерте заманда «ауызбастырық» сөзі көбіне жалпыға жария болар сырды жасыру үшін қолданылған болса, бүгінде ол біреудің былығын, келесі біреудің қылмысын, парасын, сүйенген шонжар «панасын» жасыру үшін арнайы ойлап табылған айланың аты секілді. Сосын да «ауызбастырық» десе өзіңізді әлдеқандай қылмыстың тап ортасына топ ете қалғандай сезінесіз мұнан соң. 
    
«Дәм» - нен неге дәм кетті?
Қазақта осы сөзден артық ырысқа, байлыққа, өмірге өлшеу болған сөз болмаса керек-ті. Ол үшін көп созбай-ақ көздеулі мысалдың біріне жүгінгеніміз жөн болар. Мәселенки, «дәм-тұзы таусылмаған», деп кез келген адамның алдағы татар дәмінің, көрер жарығының барлығын айтса, «дәм-тұзы жарасқан» деп берекелі, мерекелі, мерейлі отбасын әспеттеп айтқан. Ал осы саптағы «дәм ауыз тигізу», «дәмдес болу», «дәм айдап келу» сынды бірқыдыру сөздердің беретін мағынасына жеке-жеке тоқталмасақ та, түпкі мағынасының түсінікті екені анық. Бұдан бөлек, кей адамдардың кейісе, ренжісе «ой, бір дәм атқыр» екен деп қарғап айтатыны да белгілі. 
Демек, бұл сөз қазақ дүниетанымында берік орныққан сөз деуге болады. Енді оның сөз басында атап өткеніміздей байлыққа, ырысқа қатысы жайлы бір пікірімізді ептеп шегелеп көрмекпіз. Мысалы, әдетте «бардам» деген сөзді ара-тұра айтып, көз алдымызда жағдайы бар, тұрмысы жақсы адамның сұлбасын сызғанымызбен, оның неге «бардам» аталатынына ден қоймайтынымыз рас. Алда-жалда осы сөзді «бар+дам» түрінде жіліктеп, сәл-пәл сергек санамен логикаға «жығып» берсеңіз, «бар+дәм» тұлғасындағы сөз екеніне көзіңіз жетеді. Яки, бұл адамның тіршілігін жалғап, кез келген тығырықтан алып шығар дәмі бар дегенді білдіреді. 
Осы арада, сіз, «бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты», дегенді алға тартып, «басқаң басқа, әй, осының қалай болар екен?», деп күмән атынан бізге көп сөз жаудырарсыз, жаудырмассыз, әңгіме, тіпті, онда емес. Мәселе, осы «бардам» сөзімен қатар, бұл қазақта ұмыт бола бастаған «зардам» сөзінің болғандығында. Әрі оның мағынасы кедей-кепшік, тұрмысы төмен түтін дегенді білдіріпті. Осыдан соң оны сіз-ақ тезбе-тез «зар+дәм» деген сөз екен ғой деп «сүйегінен» танисыз-ау, танисыз...
Бұған қарап «дәм» сөзінің дәлдүршік, ділдүрке біреудің аузынан айтыла салар дәмсіз сөз еместігін екерткіміз келеді.
 
«Маңызды» деген не еді?
 Көшпелі қазақ тұрмысында төрт түлік малдың алар орыны ерекше болғаны айтпаса да түсінікті. Сол себепті де сөздік қорымызда түлік атауларына байланысты көптеген мәнді де мағыналы сөздер сақталған. Мәселен, бүгінгі адамдық мінезді кейіптеуде кеңінен қолданып жүрген «маңғаз» сөзі бұрынғы сиыр атауы болса, ал «сабаз» сөзі сол кезде сауын сиырға қарата айтылған. Жіпке тізгендей тізбелей берсек, мұндай сөздер көптеп кездеседі. Соның ішінде мына бір сөзге айрықша назар аударған абзал. Ол – «маңызды» деген сөз. 
Бүгінде екі ауыз сөздің, екі сөйлемнің бірі осы атаулы сөзсіз аталып өтпесе де, біз оның әуелгі мағынасына әлі бейхабар күйдеміз. Әсілінде, қазақ «маңызды» деп кәдімгі кілегейді айтқан. Яғни, сүттің бетіне шыққан қоюы, құнары. Тұп-тура зат есім. Осыдан барып бұл атау бірте-бірте сын есімдік реңік алып, бүгінгідей басқаша «маңыз»-ға ие болған. Әрине, осы жерде бұл сөздің бүгінгі қалыптасқан мағынасы мағынасыз, мәнсіз деп айтудан аулақпыз. Керісінше, сәтті шыққан, қисынды да жүйелі сөз деуге болады. Біздің ой тек кез келген сөздің астарына үңіліп, оның әдепкі мағынасының бар-жоқтығына үңілу, сол арқылы қазақтың бай тілінің ғасырлар сүзгісінен қалай сүзіліп, түзіліп өткенін саралап беру-тін.

Сөзге сүйінген, оның бүгіні мен ертеңінен күйінген, күйген ойымызды ғұлама Шәкәрімнің мына бір сөзінің дөп басқаны бар. Онда Шәкәрім атамыз: «Сөнген ойды жандыруға, жан берерлік сөз керек», – дейді. Дәп солай-ақ. Тарихымызды түгендеп, өшкенімізді қайта жандыру үшін де жан берерлік сөздің қажеттілігі, бұдан былайғы жерде бірмұнша сөз сырап етіп айтпасақ та ойлы оқырманға ұғынықты болса керек.

Біле жүріңіз!

Тіліміздегі көптеген пысықтауыш сөздердің зат есімдерді кейіптеп, түрлендіру нәтижесінде пайда болғаны әмбеге аян. Осы ретте айдарымыз аясында әр жолы осындай сөздерден топтама ұсынып отыруды жөн көрдік. Мәселен, тарбаң – бақа. Біз оны көбіне іс-қимылға қатысты «тарбаңдау» мәнінде қолданып келеміз. 
Борсаң – борсық. 
Борбаң – суыр. 
Жылтың – ақкіс, ақтышқан.
Қылтың – саркыс
Сылтың – күзен.
Жылмаң – апжылан.
Сыпсың – қарсақ.

Тақырыпқа тұздық

Баяғы бір хикаяда патша бір дана адамды сынау үшін екі түрлі тағам пісіріп беруін бұйырады. Әрі оның бірі өте дәмді, ләззатты, ал екіншісі өте дәмсіз, еш көңіл-күй сыйламайтындай болуын талап етеді. Сонда әлгі адам еш ойланбастан екі тағамды да тілден пісіріп, патшаның алдына алып келеді. Оның бұл әрекетінің еш байыбына бара алмаған патша: «Бір нәрседен пісірілген екі тағамның бірі «жақсы» және бірін «жаман» деп ұйғаруыңның себебі неде?», – деп сұрайды. Сонда әлгі дана: «Ей, патшам, адам ұрпағын жақсылыққа, жоғары дәрежеге жеткізетін де – осы тіл, керісінше, жамандыққа ұрындырып, басына пәле болып, құртатын да – осы тіл. «Қызыл тіл көгерген басты жоқ қылады» деген нақыл сөз осыдан шықса керек-ті. Осы себепті де сіздің сұрауыңызға осы тағамдай лайықты ас болмаса керек», – деп жауап береді. Міне, бұл тәмсілден ұғатынымыз тілдің құдіретінің, одан шыққан сөздің қасиетінің өлшемі қандай екені болса керек. 

Қозыбай Құрман