БОЗКІЛЕМДЕГІ БЕЛДЕСУ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 1123

   Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» ордені және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік Алтын» медалінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Бейсетай Дәуренбековтің 80 жасқа толуына орай Аралтөбе ауылында жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен аудандық турнир өтті. Аталмыш турнирдің мақсаты – бейбіт күннің батыры Бейсетай атамыздың ерлігін, батырлығын өскелең ұрпаққа насихаттап, жас ұрпақты ерлікке баулу, сондай-ақ ауданда грек-рим күресін дамыту.

 

    Турнирге Жамбыл ауданы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебі және аудан көлеміндегі ауылдық округтерден 14 команда, 160 палуан қатысты. Жарыстың шымылдығын түрген Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов суға кетіп бара жатқан 12 баланы өлімнен арашалау үшін  өз жанын қатерге тігіп, сол балаларды құтқарып қалып, бүгінде 80 жастың биігіне шыққан Бейбіт күннің батыры Бейсетай Дәуренбековті мерейтойымен құттықтай келе, палуандарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Бейсетай Дәуренбековтің иығына зерделі шапан жабылып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бозкілемде бір-бірінен басым түсіп, ойын көрігін қыздырған палуандар жеті салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Грек-рим күресінің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген балуандардың белдесуі тартысты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша 22 келі салмақ дәрежесінде                І орын Санат Арыстанбай, 24 келіде Нұрәлі Асқар, 27 келіде Тоқтар Нұрболат, 30 келі салмақта Бекнұр Арыстанға бұйырды. Сонымен қатар 33 келіде  Жанболат Мақатай, 36 келіде Исламбек Еркінұлы, 39 келі салмақта Айдос Болат, 42 келіде Ермұрат Сәкен, 46 келіде Әлішер Әбдуәлі, 50 келі салмақта Досым Тұрсын, 54 келіде Дәулет Нәдір, 58 келі салмақ дәрежесінде Ақарыс Сыдық алтыннан алқа тақты. Командалық есепте І орынды Б. Бейсекбаев атындағы орта мектеп командасы жеңіп алса,                  ІІ орынды Жамбыл ауданындағы Ж.Үшкемпіров атындағы спорт мектебі оқушыларынан  құралған команда еншіледі. ІІІ орынды Қонаев атындағы орта мектептің спортшылары қанжығасына байлады. 


Алтынай СЕЙТКЕН 
Балқаш ауданы