ТАУ ШАҢҒЫСЫ КУРОРТЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 17.05.2018
Оқылды: 1243

   Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ туризмді дамыту мәселелері бойынша кездесу өткізді. Жиынға «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев қатысты.

 

   Шара барысында облыс әкіміне Талғар ауданындағы «Лесная сказка» демалыс кешенін одан әрі дамытуға бағытталған «Апорт-Ақтас» тау шаңғысы курортының жобасы таныстырылды. Жобаны іске асыруға мұрындық болып отырған «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев алдымен құрылыс жоспары мен нысанның кішірейтілген үлгісін көрсетті. Іргетасын көтергелі отырған кешеннің ерекшелігі – жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтіндігінде. Жоба аясында 12 аспалы жол, ұзындығы 31 шақырым болатын тау шаңғы трассасы, 700 төсек-орынды қонақүй, мейрамхана-лар, кафе және басқа да нысандар салынбақ. Келушілер саны жылына 724 мың адам, күніне 12 мың адам болады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Ерлік Балфанбаев: «600-ден астам жаңа жұмыс орны құрылып, тартылатын инвестиция көлемі шамамен 31 млрд. теңге болмақ. Тау шаңғысы курорты жыл бойы жұмыс істейді. Қысқы кезеңде туристер тау шаңғысымен, конькимен сырғанап, хоккей ойнаса, жазда атқа мініп, велосипед тебеді. Демалыс орны туристердің жыл бойы демалуына қолайлы», – дей келе, туризмді дамыту үшін барын салатынын жеткізді. Сонымен қатар, туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеу мәселесі де талқыланды.
   Жиын соңында облыс басшысы: «Жетісу өңірінің самал желі мен тұмса табиғаты адамды баурап алады. Саф алтындай ауасы туристердің демалуына пайдалы. Сондықтан, біз тарихи, көрікті жерлеріміздің көптігін тиімді пайдаланып, туризмді дамытатын нысандарға әлеуетті инвесторлар тарта білуіміз керек. Елбасының тапсырмасымен туризмді, тау туризмін дамыту басты назарда. Таныстырылған тау шаңғы курортының жобасы туризмнің дамуына үлкен үлес қоспақ. Оған қоса, жаңа жұмыс орындары ашылады», – дей келе, инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту мәселелері жағынан қолдау көрсетілетінін айтты.

Айдар ҚАЛИЕВ.