АЛАШҚА ТАНЫЛҒАН АСПАЗ

Уақыты: 26.03.2023
Оқылды: 947
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әлемге бренд болған шетелдік тағамдардың дәмі белгілі дәрежеде тіл үйіргенмен, ай өтпей асқазанға ауырлық әкеліп, жыл аумай денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатады. Мәселен, түрік ағайынның дөнерін алайық. Ішіне әртүрлі зат салып, сыртын қамырмен орайтын бұл асты 6 жасар баладан ақ сақалды қарияға дейін татып көрген. Адам денсаулығына бәлендей пайдасы бар деп айта алмайтын бұл жеңсікті тоқтаусыз жесеңіз, салмақтың салдарын татасыз. Сол секілді әлемнің кез келген брендіне үңілсеңіз де  пайдасынан зияны басым екенін байқайсыз.

Бүгінде Еуропа халқы жаппай дөнер, пицца, хот-дог, бургер сынды жеңсік астан бас тартып, АҚШ елі белгілі дәрежеде заңды күшейткен. Халқының өзі де ойланып, шетелдің тағамдарын талғаммен жей бастаған. Өйткені Америка құрлығы мен Еуропа елдерінде семіздік дерті күрт өскен. Осындай деректерді оқып отырып қазақ халқының бай дастарқаны, ғажайып тағамдары еске түседі-ақ. Сірне, бесбармақ, қарақуырдақ, қуырдақ, қымыз, шұбат, қазы-қарта, жал-жая сынды айта берсек тауысып болмайтын сан түрлі тағамымыздың бәрінде Алланың берекеті мен шипасы, қасиеті жатқан жоқ па? 

Осылай деп тебіренген сәтте есімізге қасиетті Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында ғұмыр кешіп, ұлттық тағамның қадір-қасиетін насихаттап жүрген Сағымбаевтар әулеті бірден еске түседі. Орынбек Сағымбаев ағамыздың отбасындағы жеңгеміз Ғалия мен қызы Сәния бүгінде елге «Өрметөс» ұлттық тағамы арқылы танылған жандар. 

Жуырда Шымкент қаласында шымылдық түрген әз Наурыз мерекесі ел көлемінде аталып өтілді. 170-тен астам киіз үй тігіліп, ат шаптырып, аламан жұрттың арқасын қыздырған думанда дүйім ел өнер сайыстырып, жүйрік жарыстырды. «Great Qazaq Games» – «Ұлы Қазақ Ойындары» атауымен өрнек тапқан этнофестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Түркия сынды көршілес елдерден қатысушылар келіп, бақ сынасқан болатын. Осынау бәсірелі бәсекенің «Ұлттық тағам» аталымында Сағымбаевтар әулеті 20 команданың ішінде ІІ орын иегері деп танылды. Осы орайда жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, аталмыш байқау туралы пікірлескен едік.

– Көл-көсір тойда ұлттық ойын, ұлттық тағам, ұлттық өнер, ұлттық киім түрлерінен халықаралық байқау өтті. Бұл аты дүрдей сайыс барынша қатал түрде өрнек тапты. Ұлтық киім киіп жүріп тағамыңды әзірлеп, берілген қазан арқылы етті қатқылдау қылмай, езіп те жібермей балбыратып пісіріп, табағыңа түсіріп, дастарқаныңда жайнатуың керек. Енді етке қазақтың қаншалықты сынмен қарайтынын жақсы білесіздер, алыс-жақын шет елдерден келген, елімізден сұрыпталған әділқазылардың талғамынан шығу да оңай болған жоқ, – дейді Ғалия апай.

Қазан-ошақ беріліп, газ және электр қуатын пайдалануға рұқсат етілмеген байқау шынымен де ұлылар салтын жаңғыртқандай сипатқа ие болыпты. Құлқын сәріден бүрмелі көйлек киінген Сәния ару мен кимешек тағынған Ғалия апайымыз қалған 19 командаға намысты бермеу үшін барын салған. Осынау байқауда тағамның 5 түрін жасап (бауырсақ, сірне, қуырдақ, бесбармақ, жент) сынға түскен. Алдымен бауырсақ жасау бойынша бейгеге қатысқан жерлестеріміз домалақ, кеспе, еспе, бидай, ши, шай және бармақ сынды 7 түрлі бауырсақ әзірлеп, бірін сүтке, бірін айранға, келесі бірін тоң мен сұйық майға илеп, көпшіліктің көңілінен шығады. Осылайша бұл кезең бойынша 3-орынды қанжығалайды. Ал түстен кейін апалы-балалы арулар қуырдақ жасау сайысында «қарақуырдақ» жасап, бұл кезеңде де 3-орын иегері атанады.

– Біз сонау көшпенді бабаларымыздың досық-жоралғысынан аттамай, жасаған тағамдарға жуаны қосып әзірлеуге тырыстық. Өйткені кешегі бабаларымыз көкөністің түрлерін тағамға көбіне қоспаған. Тек дала жуасын пайдаланған. Сол секілді келесі күні сірне жасау бойынша бақ сынастық. Әрине, сірне – жас сойылған балғынның етін өз сөлімен баптап, асықпай пісіретін тағам. Енді бұған қойдың барша мүшесін, басын, шабылған сүйектерін қоса салып, тағы да әсіп жасадық. Ішек өріп, барымызды салдық. Мұнда да көпшілік болгар бұрышын салып, картоп қосып жатады, ал біз ата-дәстүріміздегі элементтерді пайдалануға тырыстық, – дейді аспаздық өнер арқылы алты Алашының назарын өзіне аударған Ғалия Рысбекқызы. 

Тағылымы терең бабалар құндылығын насихаттап, сонау ықылымнан тамыр тартқан қазақтың қонақжайлығы мен дарқандығын танытар дастарқан мәзірін жайнатып жүрген жерлестеріміз осылайша жалпы есеп бойынша ІІ орын иегері атанып қайтты. 

«Шымкенттік аспаздар жарыс жеңімпазы деп танылығанымен, өнерімізді қатар бағалады. Деңгейлес деп білді. шетелдіктердің өзі бас шайқап, қазақ тағам өнерінің кереметтігіне қайран қалды. Осы орайда Жетісу жерінің аманатын арқалап барып, алқалы сында алқынбай жүлде салғаныма қызым Сәния екеуміз ризамыз», – деп ағынан жарылды жеңімпаз жерлесіміз. Біз де осы орайда аспаздың сан түрлі толғамын, ас мәзірі, тағам дайындау барысында қажетті кеңестерін естіп таң-тамаша күйге түстік. Сөз соңында жеңістің туын желбіретіп, ел жүрегін елжіретіп жүре беріңіздер деп те тілектестік білдірдік.

АРДА БИ