ЕЛІМІЗДЕГІ СИРЕК МЕТАЛДАРҒА ҚАЙ МЕМЛЕКЕТТЕР ҚЫЗЫҒЫП ОТЫР?

Уақыты: 05.07.2024
Оқылды: 232
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сыртқы істер министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында елдегі сирек метал кеніштерін барлап, өндіруге қай елдерден ұсыныс түскенін айтты.


Жалпы шетелдік инвесторлар сирек кездесетін металдар кен орындарын игеру бойынша Қазақстанға айтарлықтай қызығушылық танытуда. Инвесторлар электроника, магнит және аккумулятор өндірісі сияқты жоғары технологиялық салалар үшін маңызды жаңа кен орындарын белсенді іздестіруде.

«Бүгінгі таңда Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және Ұлыбритания сияқты елдердің шетелдік инвесторларынан сирек кездесетін металдар саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы ұсыныстар келіп түсті. Сонымен қатар, Жапония, Индонезия және Франция сияқты елдер осы бағытта қарым-қатынас орнатуға ниетті. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ тарапынан атқарылған жұмыс шеңберінде бұл салаға бірқатар шетелдік компания тартылған. 2024 жылдың соңына дейін Алматы облысындағы кен орнында вольфрамды қайта өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинаты пайдалануға беріледі. Инвестицияның көлемі 350 млн АҚШ долларын құрайды», - деп жазады министрліктегілер.

Ведомство жауабында кейбір инвестициялық келісімдердің мазмұны құпия екені айтылған.

«Қалған жобалар бойынша инвестициялардың құнын көрсету компаниялармен қол қойылған құпиялық туралы келісімдерге сәйкес мүмкін емес екенін атап өтеміз. Сирек кездесетін элементтер мен сирек жер металдарға қатысты қолда бар өзекті жобалар бойынша инвестициялар көлемінің айтарлықтай өскенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта осы жобаларға сәйкес литий, иттрий, молибден, ванадий және ниобий сияқты элементтер бойынша барлау және қосымша барлау жұмыстары жүргізілуде», - делінген ресми жауапта.