ҚОРШАҒАН ОРТАҒА КҮТІМ КЕРЕК

Уақыты: 05.07.2024
Оқылды: 272
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орталық Азия университетімен, бірлесіп, қымбат емес және таза энергия, климаттың өзгеруімен күрес бағыттары бойынша «дөңгелек үстел» өткізді. Мұнда жаһандық климаттың өзгеруі салдарынан орын алып жатқан келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша мәселе көтерілді. Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтан Дүйсембінов пен Ғалиасқар Сарыбаев арнайы қатысты.


Соңғы жылдары елімізде жер жиі сілкініп, өрт пен су тасқыны жұртты шығынға ұшыратып, әбігерге салғаны бар. Сала мамандары мұның бәрі әлемдік климаттың өзгеруінің әсерінен деп топшылап отыр. Шара аясында осы тақырыпта кеңінен әңгіме қозғалды. Сондай-ақ, Жетісуда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу  жолдары талқыланды.

ҚР Үкіметіне стратегияны  іске асыру жөніндегі Жол картасы жобасына ұсынымдар дайындап, ұлттық климаттық міндеттемелерді  орындауды ескере отырып, парниктік газдар шығарындыларын нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу ұйымдастырылып отырған жиынның негізгі мақсаты екенін айта кеткен жөн. 

– Экологияның жай-күйі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі алдағы жоспарларға тоқталдық. Орнықты дамудың мақсаттары бойынша көптеген бағыттар бар. Осыған байланысты Қазақстанда көздеген міндеттеріне жету индикаторлары жүзеге асырылады. Ұлттық индикатор және БҰҰ арасында 17 мақсатқа жету үшін қабылданған шараларымыз жолға қойылып отыр. Яғни, біз әрбір салаға байланысты көптеген мемлекетпен бірлесе қарекет етеміз. Негізгі заңдардың бәрі қазіргі уақытта жасалды, енді іске асыруымыз керек, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев.

Жиынға ҚР ЭТБМ, ҚР ЭМ, ҚР СРИМ, Текелі қаласы әкімдіктерінің, Алматы қаласы мен өңірдің ҒЗИ және ЖОО, БҰҰДБ, ЕО, АДБ, SIPA/ЭЫДҰ, GIZ, халықаралық және ұлттық сарапшылар, бизнес-қауымдастықтар мен ҮЕҰ өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, Жетісудың Қазақстанның геотермалдық энергетикасын дамытудағы əлеуеті, АДБ энергетикалық ауысу механизмі жəне декарбонизация мүмкіндіктері, Орталық Азияның таулы аймақтарындағы су ресурстары мен су энергиясына əсерін модельдеу тақырыптарында баяндама оқылды.

Медет ЖҰМАБАЙ