Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін

Уақыты: 12.09.2024
Оқылды: 212
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көксу таяқ тастасаң тал болатын құтты мекен. Ауданның агро саласында толымды тірлік көп. Ырыс пен береке қайнаған шақта диқандардың қауырт еңбекке кірісетін кезі. Қазіргі таңда еңбегімен ері, өнбегімен жері сыйлы болған «Жалайыр» шаруа қожалығының толымды тірлігін көзбен көріп, мол тәжірибесі бар шаруашылық тынысына қанығып қайттық.

Уақытпен санаспайтын еңбек адамының күнделікті күйбең тіршілігі таңмен таласа басталады. «Әке көріп, оқ жонған» Ескендір Жайлығұлов 2014 жылдан бастап шаруашылыққа басшылық жасап, жұмысын ширатқан. Бүгінде шаруа қожалықтың ісі алға өрлеп, жаңа заманның талабына сай техникалармен толыққан.

«Жұмыс жоқ. Ақшадан тарылып жатырмыз» дейтін адамдарға таңғаламын. Халқымыз «қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» деп текке айтпайды. Сондықтан еңбек еткен адамның несібесі тарылмайды. Біз қашанғы мемлекетке алақан жаямыз? Егер бір істі бастайтын болсақ, мемлекет тарапынан міндетті түрде қолдау болатынын ұмытпағанымыз жөн. Ең бастысы адамның еңбек етуге деген ниеті болса болғаны. Мысалы, бізге шаруашылықтың тасын өрге домалату оңай болған жоқ. Ісің оңға басқан сайын көңілің жайланып, еңбегіңді еселей бергің келеді ғой. Бір жылдары қант қызылшасы да, сәбіз де шықпай шығынға ұшырап қалғанымыз бар. Бірақ қасиетті Жер Ананың ырысы берекелі болатына сеніп, келер жылы тағы да тәуекел еттім. Одан жаман болмады», – дейді шаруа иесі.

Жылқы, сиыр, қой өсіріп, қант қызылшасын, сәбіз, картоп еккен азамат 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Дақылды егіп, өсіріп қана қоймай, одан мол өнім алудың жай-жапсарын терең меңгерген. 8 жыл үзбей қант қызылшасын еккен шаруа иесі. Былтыр 70 гектар жерге қант қызылшасын ексе, биыл 120 гектарға жеткізген. Қант қызылшасына қажетті техниканың барлығын толықтырған. Себебі, бұрындары техниканың жетіспеушілігінен өнім қардың астында да қалып қалған кездері болған. Көз алдында еңбегі еш кеткендіктен, шаруа иесі германиялық дән сепкіш, 6 қатарлы комбайн, трактор сынды заманауи техникалар алған. Қант қызылшасын көбейту мақсатында «Тәтті түбір» қызмет көрсетуге дайындық орталығын ашқан. Қазіргі таңда орталықта 4 шаруашылық бар.

– «Еңбектің наны тәтті» деген тәмсіл бар. Осы фермада 9 жылдан бері жұмыс істеп отырмыз. Отағасы Еркін Жұмай екеуміз несібемізді осы шаруашылықтан тауып келеміз. «Ас – адамның арқауы» дегендей, аспаз болып еңбек етемін. Тағам дайындау – мамандық емес, ол – өнер. Оған еңбек, ынта-ықылас пен шеберлік, жігер және талап керек. Бір мезетте 15-20 адамға тамақ дайындап, олардың алдына ыстық нанын қойып, шайларын ұсынып отырамын. Егін науқаны кезінде жұмысшыларға екі мезгіл тамақ жасаймын. Адал азаматқа біз жұмысшылар да адалдық танытамыз. Әр жұмысшының еңбегін ерекше бағалап, жағдайымызды жасап, тұрақты ақымызды беріп отырған Ескендір Ғабитұлына алғысымыз шексіз, - дейді «Жалайыр» шаруа қожалығының аспазы Гүлнар ӘУЕН.

 

Қамбаны дәнге толтыру үшін аянбай еңбек еткен диқан қауымы, яғни жүргізуші-механизаторлар мен звено жетекшілері, сушылардың еңбегі ерен. Биыл 17 гектар сәбіз еккен шаруаға арнайы сақтау қоймасы да берілген. Тынымсыз тірлік еткеннің мерейі қашанда үстем. Осыны білетін шаруалар қажырлы жұмыс істеуде. Бүгінде сол берекелі іс тоқтаған жоқ, тіпті жыл өткен сайын жанданып жатыр.

Шыны керек, бала кезімізден еңбекке араласып өстік. Атам да, әкем де  еңбекпен есейген. Мен де сол мектептің түлегі ретінде жұмыстан қашқан емеспін. Сондықтан, несібемді осы саладан таптым. Науқандық жұмыс болғанына қарамастан ерінбеген адамға табыс табуға мүмкіндік мол. Бүгінде еккен егіннің шығымы жаман емес. Уақытылы минералды тыңайтқыш бердік. Мал шаруашылығы атадан қалған кәсіп қой. Сондықтан, шама келгенше төрт түлікті түгендеп, қора-қопсыны қамдап жатқан жайымыз бар. Әсіресе, ірі қараның жайы жақсы бізде. Алдағы уақытта ірі қара, ұсақ мал санын арттырып, екі саланың жұмысын қатар алып жүрсек деген жоспар да жоқ емес, – дейді Ескендір Ғабитұлы. 

Еңбекті кірістің көзі, ырыстың өзі деп ұғынатын «Жалайыр» шаруа қожалығы басшысының алға қойған арманы көп. Олай болса, адал еңбекпен адал нан тапқан азаматтың ісіне береке тілейміз. 

 

Еңлік КЕНЕБАЙ

Көксу ауданы