ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ҚАЛАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ?

Уақыты: 28.05.2023
Оқылды: 1411
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен онлайн режимде селекторлық жиын өтті. Онда  2022-2023 жылғы оқу жылының аяқталуы және каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және еңбекпен қамтылуын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев биыл оқу жылын 3,7 млн.-нан астам оқушы аяқтайтынын айтты. Оның ішінде 11-сыныпты 172 мың түлек бітіреді. Биыл «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 6,8 мың бала. Қорытынды емтихандар 9-сынып үшін 4 пән бойынша 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып үшін 5-19 маусым аралығында 5 пән бойынша өтеді.

Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 1-10-сынып оқушыларының 85%-дан астамы, яғни әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңға жуық баланы қоса алғанда, шамамен 2,8 млн. бала қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерьлерде алдағы маусымға дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы 218 қала сыртындағы және 10 мыңнан астам мектеп жанындағы бейінді және шатыр лагерьлер өз есігін айқара ашады.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың айтуынша, жазғы демалыс аясында балалар үшін мәдениет саласы бойынша 500-ден астам, спорт және туризм саласы бойынша 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылмақ.

«Бірнеше күннен кейін кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шығады. Оны пайдалы әрі қызықты өткізгісі келеді. Сондықтан біз бала денсаулығын нығайтуға, білімін толықтырып, жақсы демалуына жағдай жасауымыз керек. Әсерлі, мағыналы іс-шаралар аз. Көбіне сапасы сын көтермейді. Ауыл балаларына да қажетті деңгейде көңіл бөлінбейді. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу ерекше назарда болуы керек. Олар үшін спорт алаңдары мен даму орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, балалардың спорт секцияларына және шығармашылық үйірмелерге тегін баруына мүмкіндік беру үшін жергілікті бюджеттен 93 млрд. теңге бөлінді. Оқушыларға арналған 50 сауықтыру лагерін, 100 инновациялық шығармашылық орталығын салу бойынша жұмыстар басталып кетті. Бұл нысандардың құрылысы 2026 жылы аяқталуы қажет.

Жиын соңында Әлихан Смайылов ішкі туризмді дамыту шеңберінде экскурсиялық-танымдық іс-шараларды ұйымдастырып, балалардың табиғат аясына саяхаттарын көбейтіп, каникул кезінде оқушылардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорттық объектілерге тегін баруларын қамтамасыз етуді тапсырды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"
Фото: көрнекілік үшін