Мүлкіңізге тыйым салынса не істеу керек?

Уақыты: 12.09.2024
Оқылды: 317
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Банкте ипотекаңыз болса, кепілмен алынған несиеңізді төлей  алмаған  жағдайда  мүлкіңізге тыйым салынады. Ол кімге болмасын ауыртпалық түсіретіні сөзсіз.

Тыйым салу сіздің мүлікке иелігіңізді, пайдалануыңызды немесе басқаруыңызды шектейді. Оған сіздің келісіміңіз не рұқсатыңыз қажет емес. Себебі, ол сіздің еркіңізден тыс қолданылатын заңды шара. Айталық, банктен алған машинаңыз болса, оны айыппұл тұрағына апарып тастайды. Міндеттемені орындамасаңыз, көлігіңізді сатып, сіздің қарыз болған сомаңызды шығарып алады. Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, оған жекеменшiк құқығымен тиесiлi немесе ортақ меншiктегi үлесiндегі мынадай мүлiк түрлерi мен заттар тәркiленуге жатпайды:

  • алаңы тұрғын үй заңнамасында отбасының әрбір мүшесіне белгіленген нормативтерден аспайтын, сотталған адам мен оның отбасының жалғыз тұрғын үйі;
  • тәркiленуге жатпайтын үй және шаруашылық құрылыстары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу үшін қажеттi жер учаскелерi;
  • негiзгi кәсiбi ауылшаруашылығы болып табылатын адамдардан – шаруашылық құрылыстары және саны оның отбасының қажеттіліктерiн қанағаттандыруға қажеттi үй малы, сондай-ақ, малға арналған жемшөп;
  • ауылшаруашылығы дақылдарының кезекті егісі үшін қажеттi тұқым;
  • үй жабдығы заттары, керек-жарақ, киiм.
  • мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына арнап жасалған көлік құралдары, мүгедектігі бар адамдардың техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдары мен арнаулы жүріп-тұру құралдары;
  • сотталған адам марапатталған халықаралық, мемлекеттiк және өзге де жүлделер.

Атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау сот орындаушысының міндеті.

Игорь ЦОЙ,

Жетісу облысының жеке сот орындаушысы

Фото: freepik.com