КӘСІБІ БАР ОҚУШЫ

Уақыты: 08.06.2024
Оқылды: 1423
Бөлім: ОН САУСАҚ

Қашанда адам бір-бірінің ақыл-кеңесіне мұқтаж, бел-белестен сүрінбей өтіп кетуіне себепкер. Мақсат-мұратты айқындау жолында дем беретін асыл тұлғаның әркез қасыңнан табылғанын қалайсың. Әрдайым олай болмайтыны да заңдылық. Дегенмен ондай жан адамның тағдыр жолында бір сәтке болсын жолығатыны бар. Сол уақытта оның айтқан ойын көкейге бекем бекіткен жөн.

Айсұлтан Сапинов 9-сынып оқушысы. Қатарластарымен салыстырсақ басқаша ой қорытып, тіршілікке бөлек көзбен қарайды. Ол армандамайды, тек қажетті білім алып табысты кәсіпкер болуды көздейді. Бастысы бозбаланың мақсаты айқын.

Менде арман жоқ. Ешқашан қиял жетегіне ерген емеспін. Жай ғана кәсіп ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамту жолында іс істеп жатырмын. Оқушы болсамда қазіргі уақытта ересек адамның айлап жүріп табатын қаржысын тауып жүрмін, – дейді ол. 

Айсұлтан бұл күні өзі ашқан кәсібінің арқасында екі досын жұмыспен қамтып отыр. Ол қандай кәсіп деп ойлап отырған шығарсыз?!

Айсұлтан әу баста қарапайым гипс ұнтағына зерттеу жасап, одан не шығаруға болатынын анықтаған. Гипсті құрылысқа, тағы да басқа қажеттіліктерге пайдаланауға болады. Соның бәріне тәжірибе жасап, соңында гипстен қыш ыдысқа ұқсас тойбастар қобдишаларын, ақша салатын жәшік, түрлі-түсті қорап бұйымдарын жасап шығады. Бұл заттар тойларда үлкен сұранысқа ие болған. Жас кәсіпкер осы игілікті ісі үшін той иелерінен алғыс арқалап жүргенін айтады.

Кем дегенде бір тойға 100 қорап жасап береміз. Бұл Талдықорғанда сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бірақ біз істеп жатқан заттарға көптеген дүкен иелері салмақты көзқараспен қарамайды, бейжайлық танытады. Алдыға қойған мақсатымыз шаһардағы бүкіл тойларды өзімізге қаратып, үлкен-үлкен тұрғын үйлердің гипс арқылы безендірілетін тұстарына атсалысу, – дейді жас кәсіпкер.

Талапшыл өреннің осы іспен айналысуына идея қайдан келгенін айтпай өтпеске болмас. Барлығы оның «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасының қаладағы №21 орта мектепте ұйымдастырылған сәтінен басталған. Айсұлтан ол жерден «Асар» спорттық-сауықтыру орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаевты жолықтырады. Оның өткен сабақ дәрісінен кейін көкейіне сан бір ойды ұялатып, ерекше серпін алады. Содан барып бірден кәсіп ашуға бел шеше кірісіп кетеді. Ол ісі өрге домалап, жас талаптың әрменқарай сенімді әрекет етуіне түрткі болған.

Жаңа кәсіп иесі жастардың көп уақытын ұялы телефонмен, пайдасыз қыдырыс ойын-сауықпен өтіп жатқанына наразылық танытады. Ел болашағы үшін бүгінгі ұрпақ жан ауыртуы керек деп санайды. Намысшыл өреннің бұл ойына қосылатынымыз анық.

Медет ЖҰМАБАЙ
Фото: kulturarb.ru