Қант қызылшасы – байлық көзі

Уақыты: 10.06.2024
Оқылды: 1232
Бөлім: ОН САУСАҚ

Дала төсін дүбірге бөлейтін диқандар егістік алқабында қызу жұмыс үстінде. Тастөбе ауылының шаруалары да ауа райының қолайлы күндерін уақытылы пайдаланып, мол өнім алу мақсатында еңбек етіп жатқан жайы бар.

Шаруашылықтарға көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін 1 жыл мерзімге 6 пайыздық мөлшерлемемен несие беру жұмыстары жүйелі атқарылды. Көктемгі дала жұмыстарына несие алу үшін ауылдық округ бойынша 3 шаруашылық жалпы сомасы 40 миллион теңгеге өтінім тапсырып, несиелерін алды. Өңірде негізінен қант қызылшасы алқабын ұлғайтуға басымдық берілді. Мұндағы тәтті түбір алқабы 87 гектарға жеткен. Қант қызылшасы шаруашылығын мықтап қолға алып, жүйелі жұмыстар істеп отырған «Жеткеев» ШҚ, «Нугубеков К.Н» ШҚ, «Мақсат Агро» және «Рахат», «Темірлан» ШҚ, «Ұлыс ШҚ» ЖШС бар. 

Шаруа қожалығына тиесілі қант қызылшасы алқабында жұмыс қызған. Күн жылынғаннан дайындық жасаған шаруа жерін  жыртып, егістік алқабын дайындап, тұқым екті. Қазіргі таңда шаруалар минералды тыңайтқыштар мен үстеп қоректендіру  үстінде. Егіс алқаптарында қажетті техниканың барлығы бар. Бүгінде  әр қожалықта тұрақты 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Маусым кезінде жұмысшылар саны артады. Науқан қызған шақта 150-ден астам жергілікті тұрғын жұмысқа тартылады. Жазғы дала жұмыстары жоспарға сәйкес өз уақытында, сапалы өткізілетін болады.

Айдар НАЗАРҰЛЫ
Қаратал ауданы