Жетісу облысында суға шомылу маусымы басталғалы 5 адам қаза тапты

Уақыты: 05.09.2023
Оқылды: 396
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы жзурналистер үйінде 2023 жылғы шомылу маусымының қорытындысына арналған брифинг өтті, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Жиында Жетісу облысының ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Тыныбек Бағдат Тыныбекұлы атап өткендей, шомылу маусымы кезінде су айдындарында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖ Департаменті жергілікті атқарушы органдармен, полиция және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізді.

Қоғамдық орындарда суда жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіру бойынша жұмыстары және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Демалыс және мереке күндері рейдтік іс-шаралар күшейтілген режимде өтті.

Демалыс базалары мен балалар лагерлері орналасқан су айдыны учаскесінің сүңгуірлік тексерудің тиісті актілері толтырыла отырып тазарту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ Департаменттің жедел-құтқару жасақтары базасында тиісті сертификаттар беріліп, құтқарушы-жасақшылар оқытудан өткізілді. 

Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше 2023 жылғы шомылу маусымы басталғаннан бері облыстың су айдындарында 5 адам қаза тапты, оның ішінде 3 кәмелетке толмағандар. Сондай-ақ, аталған кезеңде су айдындарында құтқарушылар 15 адамды, оныңішінде 4 кәмелетке толмағандарды құтқарды. 

Жетісу облысының ТЖ департаменті азаматтардан жүзе алмай белден жоғары суға түспеуді, арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуды, балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауды, су жағасында демалғанда спирттік ішімдіктерді ішпеуді, толқындар мен дауылды ауа-райында шомылмауды сұрайды.

Брифинг соңында спикер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің барлық сұрақтарына жауап беріп, азаматтарды су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.