Апаттық үйлердің саны азайды

Уақыты: 02.03.2024
Оқылды: 403
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінің  ақпараттық алаңында Талдықорған қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Айдос Жақыпбек шаһардағы көпқабатты үйлерді  ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу, апатты саналатын үй тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстарды таныстырды. 

Оның айтуынша, Талдықорған қаласында 852 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 203 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын ауыстыру керек. Биыл 30 үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Жаңғырту бағдарламасы аясында 20 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізіледі. 

– Қазіргі таңда, Талдықорған қаласы бойынша 19 апатты үй, яғни 125 пәтер реновация бағдарламасына енгізілген. Апатты үйлердің меншік иесіне пәтер сатып алу үшін «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» мемлекеттік бағдарламасының негізінде «Талдықорған қаласының тұрғын үй қорын 2022-2025 жылдарға арналған реновациялау бағдарламасы» әзірленіп, бекітілді. Осы тұста 2022 жылы Кивилев көшесіндегі №1, 2, 3, 4 үйлердің тұрғындарына 32 пәтер сатып алынып, табыс етілді. Талдықорған қаласында тағы да 15 апатты үй 93 пәтер бар, – дейді Айдос Молдашұлы.

Бюджетке үлкен жүктеме түспеу үшін қала әлеуетті инвесторлар есебінен тұрғындарды көшіру мәселесін пысықтапты. Нәтижесінде Шевченко көшесіндегі 1 үй (барлығы 8 пәтер) бойынша инвестициялық келісім туралы шарт жасалған. Демек, аталған көшенің №133 үйінің тұрғындары тамыз айына дейін жаңа пәтерлерге көшеді. Осы тұста Абылайхан көшесі, №361 үйдің иелері (барлығы 6 пәтер) реновация бағдарламасына қатысудан бас тартқаны да сөз болды. 

Айта кетерлігі, қаладағы 13 апаттық үйдің (79 пәтер) иелерін көшіру жұмысы былтыр басталып, 32 пәтер сатып алынып, тұрғындарға табысталды. Оған жергілікті бюджеттен қомақты қаражат жұмсалды. Қалған 47 пәтер биылғы 2 тоқсанда бюджет қаражаты есебінен қайтадан тұрғын үй пәтерлерін сатып алу тәсілімен қамтамасыз етілмек.

Жоғарыда аталған 47 пәтердің тек 30-да ғана құқық белгілейтін құжат болса, қалған 17 пәтердің ешқандай құжаты жоқ. Сондықтан бос тұрған үйлердің иесін анықтау жұмысы жалғасуда. Десе де осы апатты үй иелерін жаңа пәтерлермен қамтамасыз ету мақсатында 560,0 млн. теңге қажет. Бұл туралы бюджеттік өтінім беріліпті. 

Шара соңында Айдос Молдашұлы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қ. ОМАРАҚЫН
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»