Аула абаттанып, ағаш отырғызылды

Уақыты: 11.04.2024
Оқылды: 239
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көк тебіндеп шыққан соң ауламызды тазартып, ағаш отырғызып, бұлақ көзін ашып, гүл егіп, қоршаған ортаны көркейтудің қамына кірісетініміз анық. Сол дәстүр биыл да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Жетісу өлкесінде жалғасын тапты. Облыстық әкімдікке қарасты басқармалар, аудан, қала әкімдіктері, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, тағы да басқа салалар әр сенбі сайын өздеріне қарасты ұйымдардың аумағындағы жерлерді тазалап, жанға жайлы орта қалыптастыруда.

Мұндай игілікті іс өткен демалыс күндері де жақсы ұйымдастырылды. Әсіресе облыстық білім басқармасы тарапынан атқарылған жұмыстар көңіл көншітерлік. Бұл іске Талдықорған қаласындағы агротехнологиялық колледжінің ұжымы белсене қатысқанына куә болдық. Біз барғанда мектеп оқытушылары, техникалық қызметкерлер мен студенттер мектеп ғимаратының айналасын қоқыстан арылтып, ағаштардың қураған бұтақтарын кесіп, жол жиегіндегі бордюрлерді ақтап, белгіленген орынға гүл отырғызып жатыр екен. Облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменовті де осы жерден кездестірдік:

– Жалпы, облыстық білім басқармасына қарасты 500-ге жуық мектеп, балабақша, колледж, тағы да басқа білім беру ұйымдары бар. Көктемгі тазалық ақциясына осы мекемелер толық атсалысады. Осы реткі сенбілікке облыс орталығы, аудан, қалалардағы білім беру ұйымдарының мұғалімдерін, техникалық қызметкерлерді, облыстағы 20 колледждің студенттерін қосқанда 20 мыңнан астам адам қатысып, 500 тонна қоқыс шығарылды. 1500 түптен артық ағаш отырғызылып, гүл егілді, – деді ол.

Білім басқармасы көктемгі тазалық акциясымен ғана шектеліп отырған жоқ. Басқа күндері де студенттерді ынталандыру арқылы соғыс, тыл және еңбек ардагерлерінің, жалғызбасты қариялар мен жағдайы төмен отбасылардың ауласын тазалауға көмектесіп тұрады.

Тазалық акциясы Талдықорған қаласындағы көпсалалы аурухананың ауласында да өтіп жатыр екен. Әрине, аурухана ауласының таза, көркем болуы емделушілердің де көңіліне демеу болары анық. Жалпы, аумағы 5 гектардан астам жерге орналасқан аурухананың айналасын тазалап шығу үшін көп күш керек. Бірақ «Көп жұмылса көл толады» дегендей, аурухананың 300-ге жуық қызметкері жұмыла жұмыс істегендіктен ауланың іші-сыртын көп уақыт жұмсамай тазалап тастады. Арасында гүл егіп, жасыл желектерді суарып та үлгерді.

– «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деген сөз қашанда дәрігерлердің есінде жүретін қағидасы десек те болады. Тазалық айлығы басталғалы сенбі сайын осындай акция ұйымдастырып, ауламызды қоқыстан арылтып тұрамыз. Оған кезекшілік ететін дәрігерлерден басқа мамандар толық қатысуға тырысады. Жай күндері аурухананың шаруашылық бөліміне қарасты 80-ге жуық қызметкер күнделікті тазалау жұмысын жалғастырады, – дейді Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнара Темірбаева.

Жалпы, біз көрген мекемелерде қызу еңбек жүріп жатты. Осы күні сенбілікке шыққан барлық мекемеде жағымды жақсылықтардың болғаны анық.

Қ. ОМАРАҚЫН