АРДАГЕРЛЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 13.02.2019
Оқылды: 1063
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Небәрі 17-18 жасында Ауған соғысына қатысып, жалындаған жастық шағын қасіретті күндерге арнаған ұрпақтың қатары бүгінде сиреп барады. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев Ауған соғысының ардагерлерін қабылдап, от пен оқтың ортасынан аман оралған жандардың жүрегіне жылу сыйлады. Алдымен кеше ғана қайтыс болған әйгілі қолбасшы, әскерилер «Қара майор» атап кеткен Борис Керімбаевтың рухына бір минут үнсіздікпен құрмет көрсеткен көпшілік коммунистік жүйенің пәрменімен 1979 жылы басталып, 1989 жылы аяқталған Ауған соғысының зардабын еске алды.

 

Бас-аяғы он жылға созылған қанқұйлы соғысқа Қазақстаннан аттанған 22 мыңнан астам адамның 761-і ұрыс даласында қаза тауып, 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кетті.

– Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл атаулы күн мыңдаған шаңыраққа орны толмас қайғының ізін қалдырып, талай боздақтың өмірін қыршыннан қиған қасіретті соғыстың аяқталуын еске түсіреді, – деген Ақан Жылқышыбайұлы өткен күндердің ауыртпалығын еске алды. 

– Сол жылдардан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де жүздеген жүректердегі жараның орны әлі жазылған жоқ. Кей шаңырақтардың хабарсыз кеткен азаматтарынан күдер үзбей алаңдап отырғаны да рас. Ауған соғысының ардагерлері сол кездегі ортақ Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу барысында ерлік пен өрліктің үлгісін көрсетті. Интернационалист жауынгерлер кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жаужүрек бабаларымыздың, аға буын ардагерлеріміздің жауынгерлік антқа адалдығы жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс»  деген болатын. Бүгінде Ауған соғысының от-жалынында шыңдалған ардагерлердің бірі жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берсе, енді бірі өнеркәсіп, өндіріс, шағын және орта бизнес саласында облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Осы орайда сіздерге болашақ ұрпақты, жастарды Отанды сүюге, елжандылыққа тәрбиелеу ісіндегі қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылық білдіремін.

Жиын аясында  соғыстан оралмаған боздақтардың аналарының иығына камзол, бауырларының иығына шапан жабылып, Ауған соғысының аяқталуының 30 жылдығына арналған мерекелік медалімен мен облыс әкімдігінің Алғыс хаты және грамотасы, 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Алқалы жиынға қатысқан  100-ден астам ардагер естелік суретке түсіп, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында мерекелік концертті тамашалады.

Мәди АЛЖАНБАЙ