ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: "СОҒЫСҚҰМАРЛАР МЕН САУЫҚ-САЙРАНШЫЛДАР ТӘУБЕСІНЕ КЕЛДІ"

Уақыты: 23.04.2020
Оқылды: 815
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел арасында індет тарады. Халық Үкіметтің қолдауын сезініп, ертеңгі күнге сенім артуда. Мүлде табыссыз қалғандарға 42 500 теңге көлемінде жәрдем берілуде. Жаны жомарт жандардың жағдайы ауыр отбасылар мен жалғызбасты қарттарға азық-түлікпен көмек көсетіп жатқанын естіп, көріп, қуанудамыз. Азаматтың азаматтығы осындай кезде байқалады емес пе?! Атымтай жомарт азаматтарға мың да бір рахмет.

Осының бәрі елдегі береке-бірлік пен ұйымдастыра білудің нәтижесі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен дәрігерлер мен полиция сырқаттанудың алдын алуға, ішкі тәртіпті сақтауға жұмылдырылды. Үкімет тарапынан алғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындалды.

Бүгінде халықтың жағдайы дәрігерлердің көмегіне тікелей тәуелді. Сондықтан, емдеу орындарында, ең алдымен, медицина мамандарының денсаулығы қамқорлыққа алынып, сақтық шаралары жасалуы тиіс. Халық та жөнсіз сөйлеп, мінез көрсетіп, олардың жүйкесіне салмақ түсірмесе деп тілеймін. Мысалы, бекетте тұрған полицияға дөрекілік көрсетіп, жағасынан алып жатқандарды көргенде таң қаламын. Соның орнында өзі немесе баласы тұрса қайтер еді?

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, жауапты іс басында жүрген азаматтарға айтар алғысым шексіз. Дер кезінде төтенше жағдай жариялап, халықтың жүріп-тұруына шектеу қойды. Шетелдермен шекараны жапты. Азық-түлік қорын молайтты. Бағаны тұрақтандырды. Барлық адамдарға жедел тексеру жүргізіп, кеселдің таралуына жол бермеуге күш салуда.

Ендігі менің арманым, болашақта медицина мамандығын оқыту тегін болса деймін. Медициналық білім алудың төлемақысы өте жоғары. Содан кейін дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы жақсартылса, еңбекақысы тағы да көбейтілсе деген ұсыныс айтамын. Індет есімізді жинатты. Отбасылық жағдайда да қаржы қорын жинақтау керектігін көрсетті. Дүниежүзі бір мақсатқа жұмылды. Басты құндылық ақша мен дүние-мүлік емес, денсаулық екенін түйсіндік. Соғысқұмарлар мен сауық-сайраншылдар тәубесіне келді.

Мен мемлекеттің ұстанымы мен қамқорлығына қарап, ертеңгі күніміз жақсы болатынына сенім артамын. Ел-жұрт төтенше жағдайдың талабына бағынып, өзімізді және жан-жағымыздағы адамдарды індеттің жұғуынан сақтайық.

Алмахан КЕНЖЕБЕКОВА,

ҚР Халық әртісі

Алматы облысы