ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: СОҒЫСҚА ҚАТЫСҚАН ҚАРТ ЖУРНАЛИСТ ОҚУШЫЛАРҒА БАТА БЕРДІ

Уақыты: 10.05.2020
Оқылды: 912
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Абылай Қанатов Екінші дүниежүзілік соғыс пен еңбек ардагері Ғайыс Егембердиев атамен кездесіп, Жеңіс мерекесімен құттықтады.

Кездесу барысында ардагер сұрапыл соғыстың Отанымызға қаншама қасірет алып келгенін, бүгінгі таңда еліміз бейбітшілік пен келісімде өмір кешіп жатқанын айтып, халықтың басты міндеті елдің бірлігін және тыныштығын сақтап қалу екендігін атап өтті. Сонымен қатар, соғысқа қалай аттанғаны туралы, қандай қиыншылықтар болса да, Отан үшін жанын аямай, ерлікпен күрескені туралы қысқаша баяндап берді.

Ғайыс Егембердиев 1924 жылы 17 наурызда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қаратау етегінде Ақұйық деген жерде дүниеге келген. Мектепті бітірісімен 1942 жылы соғысқа аттанып, 1, 2-Беларусь, 3-Балтық майданындағы шайқастарға қатысқан. Пулеметшілер командирі, кейін Бас қолбасшының пәрменімен ғана жойқын қақтығысқа араласатын, тоқсан килолық снарядты он сегіз шақырымға жеткізетін 203 мм гаубиц командирі болған. Рига қаласын тікелей азат етіп, Шығыс Пруссияға жеткенде соғыс өрті өшкен. Отанына Ғайыс ата 1947 жылы оралып, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. «Социалистік Қазақстан», «Октябрь туы» (бұрынғы Талдықорған облыстық газеті) газеттерінде қызмет атқарып, 30 жылын журналистика саласына арнады.

Ғайыс Егембердиев «Бірінші дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі мен ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының үш мәрте Құрмет Грамотасымен және көптеген медальдармен марапатталған.

Кездесу соңында Ғайыс ата ақ батасын беріп, барлық оқушыға сәттілік тіледі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы