АМАНДЫҚ БАТАЛОВ БІРҚАТАР ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА СЫН-ЕСКЕРТПЕ БЕРДІ

Уақыты: 01.02.2021
Оқылды: 1263
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ Талдықорған қаласында құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралады. Аймақ басшысымен аталған салаға жауапты лауазымды тұлғалар бірге жүрді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Амандық Ғаббасұлы жұмыс сапарын алдымен Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағына жалғасып жатқан жаңа оңтүстік-батыс тұрғын аймағынан орын тепкен жабық жүзу бассейнінен бастады. Аймақ басшысы заман талабына сай бой көтерген аталмыш нысанның іші-сыртын тұтас аралап көріп, жұмыс сапасы мен кем-кетіктеріне назар аударды.

Бұл жерде жүріп жатқан жұмыстармен «АВС Көркем құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұстафа Афраилов таныстырды. Байқағанымыздай, жаңа ғимараттың құрылысы аяқталуға таяп, негізгі жұмыстары біткен. Қазіргі кезде нысан айналасындағы сыртқы жұмыстар жасалып, ретке келтірілуде. Құрылысшылар да өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаруда. Сонымен бірге техникалар да дамыл таппай жұмысты қыздыруда.

Амандық Ғаббасұлы бірден жабық жүзу бассейнінің кіре берісіне төселген тастарға назар аударып, бұл жерде атқарылған жұмыстарға көңілі толмады. Осыған байланысты бірқатар сын-ескертпелер жасаған Амандық Ғаббасұлы жаңа төселеген тастарды алып тастап, талап үдесінен шығатындай етіп, қайта төсеуді тапсырды.

Бұдан соң ғимараттың ішіне кіріп, іске асырылған жұмыстарды көріп шықты. Нысанның іші жарықтандырылып, қажетті жиһаздар орналастырылып қойылған. Аймақ басшысы басейннің төбесіне қатысты біраз сын айтып, тез арада ретке келтіруді міндеттеді. Сонымен бірге, биіктен суға секіретін орындарға айрықша мән берген облыс басшысы нысанның түр-түсіне қатысты пікірін айтты. Осы ретте сала мамандарына тапсырма беріп, талап үдесінен шығатындай етіп ашық түске бояп, өзгертуді міндеттеді. Бассейіннің жуынып, шайынатын, шешініп, киінетін және басқа да бөлмелерін мұқият қарап шығып, атқарылған жұмыстың сапасына айрықша мән берген облыс басшысы кем-кетіктерін сын тезіне алып, тез арада қалпына келтіруді міндеттеді.

«Bazis conctruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс жетекшісі Марат Оразбаевтың айтуынша, қазір бұл жерде барлығы 300 шақты адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Ендігі кезекте жаңа ғимараттың айналасын абаттандыру, көгалдандыру, жасыл желекпен көмкеру, жарықтандыру, орындықтар орнату, жол салу, автокөлік тұратын орындарды дайындау, сыртқы инженерлік жүйелерін жүргізу, соның ішінде, газ, су құбырлары мен электр, кәріз жүйелерін тарту сияқты жұмыстар рет-ретімен жүзеге асырылатын болады. Қазір осы шаруалар бойынша жұмыс қызу жүруде. Құрылыс істері жаздың ортасында тұтас аяқталады деп күтілуде. Амандық Ғаббасұлы мұндай керемет ғимараттың барлық талапқа сай болуы тиіс екенін назарға салып, жұмыс сапарын одан әрі жалғастырды.

Келесі кезекте аймақ басшысы «Нұрлы жер», «5-10-20, «7-20-25» бағдарламалары аясында құрылысы жүргізіліп жатқан көпқабатты баспаналды, соның ішінде Балапанов көшесінің бойында жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлерді көріп қайтты. Әсіресе ол жаңа тұрғызылған баспаналардың сапасына айрықша ден қойды. Аралау барысында Амандық Ғаббасұлы жаңа үйлердің айналасын жасыл желекпен көмкеріп, көгалдандыруға, үй маңын асфальттап, жаяу жүргіншілер жолын талапқа сай жасау қажеттігін айтып, тиісті тапсырмалар берді.

Құрылыстағы кемшіліктерді айқын аңғарған аймақ басшысы аталған іске жауапты сала қызметкерлерін қатаң сынға алып, салдыр-салақтыққа жол берілмейтінін, олай болған жағдайда міндетті түрде жауап беретінін ескертті. Ғимараттар өз тәртібімен бір сызықтың бойына орналасып, салынуы тиіс. Бұлай болмаған жағдайда, құрылыс талаптары бұзылды деген сөз. Заңсыз құрылыс нысандарының салынуына жол берілмейтінін айтқан облыс басшысы құрылыс істерін жүргізуде сапаға баса мән берілуі тиіс екенін айрықша атап айтты.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы