ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1408
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ұйғыр ауданы активінің басы қосылған, мекеме, бөлім басшылары мен мектеп директорлары түгелдей жиналған жиынға облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат ТҰРЛАШОВ арнайы келді. Басты мәселе – ауданның жаңа әкімін таныстыру. Сөз бастаған Лаззат Махатұлы осыған дейін Ұйғыр ауданының әкімі лауазымын атқарып келген Алимжан Тохтасуновтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты ауданның жаңа әкімін тағайындауға жиналып отырғандығын жеткізе келе, жаңа басшы ретінде осыған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Шухрат Нурахуновты таныстырды.

Мінбеге көтерілген Шухрат Турдахунұлы өзіне артылған жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, сенім үдесінен шығуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді. Аудан халқымен тығыз байланыс орнатып, бірлікте жұмыс жасайтынына сендірді. Мұнан соң үш жылға жуық аудан басшысы болған Алимжан Имтахунұлы осы уақытқа дейін бірлесе еңбек еткен барлық басшы қызметкерлерге, аудан активіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Сөз алған облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов тәуелсіздік алған 26 жылда еліміздің толымды жетістіктерге жеткенін, оның ішінде аудан көрсеткіштерінің де толымды екенін айтып өтті. Мұнан соң ауданның жаңа басшысына артылып отырған жауапкершіліктің зор екенін, оны тек халықпен тіл табысып, елдің жағдайын түсіне білгенде ғана көтеруге болатынын жеткізді. «Әкімге баға беретін – халық. Халықтың үлкені де, кішісі де, аласы да, құласы да жоқ. Оларға бір көзбен қарау керек. Абыройыңды асыратын да халық» – деген Ызғарбек ағамыз әр істе білімділік пен сабырлылық қатар тұруы керек дегенді ағалық ықыласпен айтты. Мұнан соң облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашовқа аудандағы бірқатар көкейкесті мәселелерді құлаққағыс етіп, көмек қолын созуды сұрады. Атап айтсақ, аудандағы құс фабрикасының жұмысы, пайдаланылмай  істен шығып қалған су тораптарын қайта іске қосу сынды өзекті мәселелерді ортаға салды. Ал ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нурвяг Сейитов ауданымыздың бағындырған биіктерін мақтанышпен жеткізіп, алдағы уақытта жақсылықтар легі еселенер деген үмітін білдірді. Аудан әкіміне ақсақалдар әрқашан көмек қолын ұсынуға да- йын екендігін жеткізді.

Жиын соңында Лаззат Тұрлашов жұмақты өлке Жетісудың жетістіктері жайлы жан-жақты айтып өтті. Соңғы жылдары өнеркәсібіміздің өркендеп, өңірдің экономикалық-әлеу­меттік ахуалының артқанын сөз етті. Оған Қарадала халқының қосқан үлесі мол екенін айтты. Ауданның өркендеген салалары көп-ақ. Бау-бақша отырғызу, балабақ­ша ашу, ауданға инвес­тиция тарту сынды дүниелер алдыңғы орында. Дегенмен, ҰБТ нәтижесінің төмендігін, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының әлі де ауқымының ұлғаймай жатқанын сынға алды. Лаззат Махатұлы болашақта осы мәселелер турасында жоспарлы түрде жұмыс жасау қажеттігін тапсырды. Оған жаңа басшы болған Шухрат Турдахунұлының қабілет-қарымы жетеді деген сеніммен жиынды қорытындылады.

***

Тағайындаудан кейін Лаззат Махатұлы Шонжы ауылында орналасқан жеке тұрғын үй құрылысымен танысты. Сондай-ақ, инженерлік-коммуникациялық желі – су, кәріз, газ құбырлары мен электр сымдарын тарту жұмыстарын көріп, көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің құрылыс жобасына қатысты нұсқаулар берді.  Әсіресе, ретсіз салынатын құрылысқа жол бермеу, архитектуралық тәртіппен жұмыс істеу мәселелерін қатаң бақылауды тапсырды.

Бүгінде Ұйғыр ауданының орталығында пәтерге кезекке тұрғандардың саны 3000 адамды құрайды. Аудан тұрғындары жыл өткен сайын өсіп келеді. Осыған байланысты Шонжы ауылының аумағын 90 гектарға кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Шонжы аумағында жаңадан инженерлік-коммуникациялық желі  тарту жұмыстары жүргізілмек.

***

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Панфилов ауданына да барды. Мұнда Лаззат Махатұлы облыс әкімі Амандық Баталов тапсырған жұмыс­тардың орындалу барысын пысықтап, шағын кәсіп ашу мақсатында бой көтерген заңсыз құрылыс нысандарын заң аясында қайта реттеуге нұсқау берді. Аудан басшылығы мен құрылыс бөліміне бұл мәселе бойынша тез арада шешім шығаруды тапсырды.

Бұдан кейінгі іссапар Нұркент елді мекенінде жалғасты. Бұл маңда тұрғындар саны 100 мың адамды құрайтын заманауи жаңа қаланың іргетасы қаланбақ. Осыған орай жаңа қаланың алғашқы құрылысы басталатын алаңқайда арнайы капсулалар салынбақ. Лаззат Махатұлы алаңқайдың құрылыс жұмысын көріп, жоғары бағасын берді. «Алатау» АҚ төрағасы Болат Тәкенов және облыстың бас сәулетшісі Дәркен Нұржанов болашақта тұрғызылатын ғажайып қаланың бас жоспарымен таныстырды. Бас жоспарда қаланың кіреберіс қақпасы көрсетілген. Қақпа болашақта қаланың символына айналады.

Бірнеше жыл бұрын бұл маң сары құмы сапырылған маңғаз дала еді. Бүгінде жаңа техникалармен жабдықталған жұмыс күші тартылып, жаңа үйлер салынды. Балабақша, мектеп, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Аз уақыттың ішінде шағын елді мекен пайда болды. Үш қабатты тұрғын үйлер, коттедждер елді мекен ажарын ашып тұр. Алдағы уа­қытта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ғажайып жаңа қаланың құрылысы басталмақ.

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗ.