Қамба дәнге толады

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 610
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаз бойы алыс-жақын шетел мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген туристерді қабылдап, Алакөлдің айдынынан нәпақа тапқан жерлестеріміз енді күзгі жиын-терін жұмыстарына да жұмыла кірісті. Көктемгі ауа райы құбылмалы болғанымен бұл қиындық алакөлдіктерді алаңдата қойған жоқ. Себебі, егін орағы басталғаннан бергі қол жеткізген өнімділік биыл да диқанның қамбасы дәнге толатынын көрсетуде.

Аудан әкімдігі және ауылшаруашылығына жауапты мамандар биылғы дәнді дақылдарды төкпей-шашпай, уағында жинап алу үшін 38 дана астық жинайтын комбайн, 40 дана тасымалдау көлігін жұмылдырған. Бүгінде аудан аумағындағы 45907 гектар  дәнді дақылдың 40523 гектары орылып, 69893 тонна өнім жиналып, гектар берекелігі 17,2 центнерден айналған. 

Таратып айтар болсақ, 7600 гектар күздік бидай жиналып, орташа түсім гектарына 18,0 центнерден айналған. Жалпы түсім бойынша 13680 тонна өнім қамбаланды. Ал 8922 гектар жаздық бидай  алқабының гектарынан 16,5 центнерден өнім алынып, 14738 тонна астық жиналған. Сондай-ақ, 23800 гектар жаздық арпаның гектарынан 17,3 центнерден өнім алынып, 41174 тонна арпа жиналса, 201 гектар сұлының гектарынан 15 центнерден өнім алынып, 302 тонна қамбаланған. 

Егін жинау науқанымен бірге келер жылдың қамы да ескеріліп, жоспардағы 7600 гектар күздік бидай егуге тиісті алқаптың 800 гектарына дән себілген. Күздік сүдігер  жырту жоспары 13500 гектар болса, оның бүгінде 1550 гектары жыртылған. Ағымдағы жұмыс жалғасуда.  
Майлы дақылдар мен қант қызылшасын жинау жұмысы келесі апталарда басталады.

Қажет АНДАС
Алакөл ауданы