ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 361
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктем шықса тіршілік атаулы түлейді. Дәл осы шақта дала жұмыстары да жанданады. Әсіресе, диқан қауымының жұмысы қыза түседі. Жердің тоңы кетіп, жер жырту, бау-бақша егу жұмыстары үлкен еңбекті талап етеді. Сондықтан да облыс көктемгі егістік жұмыстарына дайындықты жоспарлы түрде жүргізіп келеді.


Ауылшаруашылық басқармасының берген мәліметіне сүйенер болсақ, көктемгі егістік үшін 277,9 мың гектар жер жыртылып, 403,9 мың гектар жаздық дақылдар себіледі деп жоспарлануда. 126,0 мың гектар сүдігердің ылғалы жабылып, 120,9 мың гектар өткен жылғы көпжылдық шөптер мен күздік дақылдар тырмаланады. 

Қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы толығымен дайындалды. Оның ішінде  33,4 мың тонна дәнді, 10,1 мың тонна майлы дақылдар болса, 13,4 мың тонна картоп, 0,8 мың тонна азықтық бар. 

Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып биылғы минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 49 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда облыстағы барлық шаруашылық өкілдері 7 мың 491 тонна тыңайтқыш сатып алды. «Казфосфат» ЖШС-нің қоймасында 1 мың 700 тонна минералды тыңайтқыш сақталуда.

Қазіргі уақытта шаруашылықтармен қажетті минералды тыңайтқыштарды сатып алу бойынша «ҚазФосфат», «КазАзот», «КосАгрокоммерц», «Агромарт» ЖШС және басқа да жеткізушілердің өкілдерімен келісімшарт жасау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта облыс шаруалары үшін тыңайтқышқа қатысты ешқандай мәселе туындамайды. 

Көктемгі дала жұмыстарына «Кең дала» бағдарламасы бойынша 950 миллион теңге несие бөлінді. Бүгінде 1 миллиард 202,0 миллион теңгеге 68 шаруашылықтан өтінім түсті. Облыс аумағындағы 37 шаруашылыққа 548,1 миллион теңге несие берілді. Сонымен қатар, 4124 тонна дизель отыны бөлінді. Облысқа жауапты оператор болып «GASSOILМ.А.» ЖШС тағайындалды. Дизель отыны жеткізуді қоса алғанда 1 литріне 250 теңге болып бекітілді. 

Облыс аумағындағы көктемгі дала жұмыстарына 20 мың 109 бірлік техника  жұмылдырылады. Оның ішінде 9 мың 7 трактор, 2 мың 659 соқа, 470 сепкіш, 791 қопсытқыш, 6 мың 182 жер тырмалары бар. Қазіргі уақытта 18 836 бірлік техника жөндеуден өтіп, дайын тұр. 

Егіншілікті қолға алып, оның мол жемісін алу азық-түлік тапшылығын болдырмауға, өнімдердің нарықтағы бағасын тұрақтандыруға үлкен әсерін тигізеді. Көктемгі егіс жұмыстары оң нәтиже беріп, диқандар қауымының қамбасы биыл да дәнге толарына сенім мол. 

Еңлік КЕНЕБАЙ