КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 05.07.2024
Оқылды: 213
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айтуар Қошмамбетов облыс орталығы Талдықорған қаласына келген сапарын аймақтағы кәсіпкерлермен кездесуден бастады.


Ел қалаулысы алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасында жиын өткізіп, жаңа Салық кодексі жобасындағы өзгерістерге шолу жасады. Яғни, бұл ел экономикасына, әрбір кәсіпкерге және салық төлеушіге тікелей қатысы бар ең күрделі және жан-жақты талқылауды қажет ететін жоба екені түсіндірілді. Стационарлық емес сауда орындары қызметіндегі проблемаларға да мән берілді. 

Осыған байланысты шағын және орта бизнес өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылып, ұсыныс-тілектеріне құлақ асылды. Жетісулық кәсіпкерлер, сондай-ақ, өздері еңбек етіп жүрген саладағы көкейкесті проблемаларды алға тартып, мәселелердің оң шешімін табуын сұрады. Мәселен, ауылшаруашылығы бағытында берілетін субсидияларға қол жеткізудегі қиындықтар мен осы саладағы жұмысшы тапшылығы, оның себеп-салдары, утилизациялық алымдар мен азық-түлік өнімдерін өндірудегі, жекеменшік балабақшалардағы проблемалар көтерілді. 

Сондай-ақ, жер, құрылыс салалары мен сауда нысандары жұмысындағы өзекті мәселелер, шағын және орта бизнестегі кедергілер талқыланып, жемқорлық әрекеттерді болдырмау жолдары қарастырылды. Айтуар Асқарұлы соңында кәсіпкерлер айтқан мәселенің бәрі назарға алынатынын және бұл проблемалардың түйінін тарқатуға мейлінше ден қойылатынын жеткізді.  

Айта кетейік, депутат ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. Отандық кәсіпкерлерді қолдау, мемлекеттік сатып алу саласын жақсарту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, шағын кәсіптің мүддесін қорғайтын Халықтық Салық кодексін әзірлеу бағыттары бойынша қызмет атқарады.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА