Қамба дәнге толады

Уақыты: 12.09.2024
Оқылды: 193
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыста масақты дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталуға таяды. Бүгінгі күнге облыс көлемінде жиналған алқап аумағы 211 мың гектарда немесе 85%-ды құрайды.  Жалпы облыс көлемінде ауылшаруашылығы дақылдарының егістігі 510,1 мың гектар. Оның ішінде масақты дәнді дақылдар 253,1 мың га. алқапқа егілсе, соның 98,3 мың гектары бидай, 152,1 мың гектары арпа.

– Бүгінгі күні облыста масақты дәнді дақылдардың 211 мың га. немесе 85% жиналды. 481 мың тонна астық бастырылды, орташа өнімділік гектарына 22,9 центнерден айналуда. Егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Биыл жақсы өнім болады деп жоспарлап отырмыз, – дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Аманбек Қасымов.

Сарқан ауданында да егін ору науқаны қазіргі кезде 85% орындалып, бітуге жақындады. Ауданда 117 мың тонна астық жиналған, әр гектардың орташа шығымдылығы 25 центнерден айналып отыр. Бұл ретте аталған аймақта 1500 шаруа қожалығы болса, соның 500-і масақты дәнді дақылдар өсірумен айналысады. Шаруалар бітік өскен бидай алқаптарынан жиналған биылғы дән қамбаны еселеп толтырады деп үміттеніп отыр. Оған Алмалы ауылдық округінде орын тепкен «Жұмағали» шаруа қожалығының егіс алқабында болған кезде көз жеткіздік. Шаруа қожалығының жетекшісі Егемен Жұмағалидың айтуынша, масақты дақылдарды оруды бір ай бұрын бастаған.

– Биыл 1200 гектар жерге бидай мен арпа ектік. Етек жақта егін ору жұмыстарын ақтадық, енді таулы аймақтардағы арпа егістіктерінде жүрміз. Мұнда 3 комбайн егін орса, екі «КАМАЗ» өнім тасиды. Биыл өнім жақсы шықты, орташа есеппен гектарына 25 центнерден айналды. Қазір жұмыстар 70%-ға орындалды, ауа райы ашық, жайлы болса бір аптадан кейін егін орағын толығымен аяқтаймыз. Өсірген өніміміздің бір бөлігін өңдеуге өткіземіз. Мәселен, арпаның «Планета» сортының өнімін Текелі ашытқы зауытына тапсырамыз. Қазір бізде 30-ға жуық адам еңбек етеді, 20 бірлік техникамыз бар, – деді шаруа қожалығының жетекшісі Егемен Жұмағали.

Атап өтсек, облыста агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға биыл 34,9 млрд. теңге бағытталған, соның 23,2 млрд. теңгесі немесе 66,5%-ы субсидия. Бүгінгі күні жеңілдетілген бағадағы дизель отынымен қамту мақсатында оператор мен 178 шаруашылықтың арасында 3441,1 тоннаға келісім шарт жасады, соның ішінде 106 шаруа қожалығына жеңілдік бағамен 1388,9 тонна дизель отыны жеткізілді. Сол сияқты өткен 7 айдың ішінде өңірдегі ауылшаруашылығы тауар өндірушілері жалпы құны 9,1 млрд. теңге болатын 664 бірлік жаңа техниканы «ҚазАгроҚаржы» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-лары арқылы лизингке, сондай-ақ өз қаражаттарына сатып алған. Осы жылы ауылшаруашылығы өнімінің жалпы көлемі өңірде 514 млрд. теңгеден асады деп жоспарланып отыр. 

Бастысы, биылғы жиын-терін науқаны мерзімінен кешікпей басталды. Ендігі міндет орылған дәнді қамбаға толықтай жинап, ел игілігіне жарату болып отыр.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ

Сарқан ауданы

Фото: Д. ЕРОФЕЕВ