ЖОЛДАУДА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР: АМАНДЫҚ БАТАЛОВ АКТИВ ЖИЫНЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 02.09.2020
Оқылды: 959
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен актив жиыны өтті. Оған облыстық басқармалар мен департаменттердің, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық және Талдықорған қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағаларының бірінші орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері, облыс тұрғындары және Қазақстан халқы Ассамблеясының, қоғамдық кеңес, саяси ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды.

Жиынға аудан, қалалар онлайн режимде қосылды. Күн тәртібінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының міндеттері туралы мәселе қаралды.

– Құрметті облыс активі жиналысына қатысушылар! Баршаңызға белгілі, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жетісу жұртшылығы Жолдауды ерекше ықыласпен тыңдап, қабылдады, – деп сөз бастаған Амандық Ғаббасұлы ендігі жерде Президент Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды уақытылы орындап, жүзеге асыру қажет екенін жеткізді. Бұдан соң Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының міндеті туралы кеңінен баяндады.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы тарапынан қабылданған Ұлт Жоспары мен Бес институционалдық реформалардың іске асырылу маңыздылығы туралы атап өтті. Жолдауда белгіленген басты мақсат – жұмыс орындарын және халықтың табыс көзін сақтау. Мемлекет басшысы осы бағытта алдымызға 11 міндет қойды, – деп атап өтті облыс әкімі.

Алғашқысы – мемлекеттік басқарудағы жаңа модель. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметкерлердің 10 пайызын, келесі жылы 15 пайызын қысқарту тапсырылды. Бұл жұмыстар өңірде атқарылып жатыр.

Осы ретте аймақ басшысы: «Облыста төрт мыңнан аса мемлекеттік қызметкер бар. Солардың мыңы қысқарады. Нәтижесінде 2 млрд. теңге үнемделеді. Біз бұл жұмыстарды бастап кеттік. Енді мұны басты назарға алып, соңына дейін жеткізіңдер», – деді.

Жаңа жағдайдағы экономикалық даму талаптарына орай Амандық Ғаббасұлы өңірдегі жағдайға тоқталды. Осы орайда стратегиялық маңызды бағыттардың бірі ретінде Президент өңдеу секторын, ауылшаруашылығын дамытуды тапсырған болатын. «Бұл біз үшін өте маңызды, себебі, елдегі ауылшаруашылығы жалпы өнімінің 17 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Осы саланы осы орайда, орынбасарым Серік Тұрдалиевке, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан, қала әкімдерімен бірлесе отырып жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін айналымға енгізу, суару жүйелерін жаңғырту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді Амандық Ғаббасұлы. Әсіресе, Еңбекшіқазақ сияқты аса ірі ауданда өңдеу саласын дамытуға мүмкіндік көп, бірақ сол әлеуетті тиімді пайдаланып, жұмысты дұрыс ұйымдастыру жағы кемшін. Облыс әкімі ауданның жаңа әкіміне осы істі қолға алуды тапсырды.

Талдықорғанда құрылған индустриалды аймаққа инвестор тарту ісі де ширақтықты қажет етеді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту қажет екенін айтты. Осы ретте шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін арттыру талабы қойылды. Облыста бұл көрсеткіш 32,5 пайыз. Облыс басшысы осы деңгейде тоқтап қалмай оны одан әрі арттыруға жұмыс істеу керектігін ескертті.

Жолдаудағы басты басымдық – халықтың әл-ауқатын арттыру міндетіне орай облыс әкімі халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету, оқушыларға қашықтан білім беру, денсаулық сақтау саласын дамыту жайлы да айтып өтті. Қолжетімді әрі сапалы білім беру бойынша мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңмен өседі. Алдағы бес жылда балабақша көрсеткіші 100 пайызды қамтуы қажет. Ал облыста бұл 98,4 пайызға жеткен.

Шалғай жатқан елді мекендерді интернетпен қамту да өзекті. Жыл соңына дейін аймақтағы 250 тұрғыны бар ауылдар ғаламтормен толық қамтылатын болады.

Облыс басшысы, сондай-ақ: «Қанша елді мекенде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары жоқ, соны анықтауды тапсырамын. Көліктік медицина мәселесін зерделеп, проблемаларды шешу бойынша ұсыныс беріңіздер», – дегенді тиісті басқармаға қарата айтты.

Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де кезек күттірмейді. Осы ретте аймақ басшысы қаражатты құрылысқа ғана емес, жалға берілетін үйлерді субсидиялауға да жұмсауды тапсырды. Сонда тұрғын үймен қамту көрсеткіші бір жылда он есеге артып, жүз мыңнан аса отбасы нақты көмек ала алады. Бұдан бөлек, учаскелік полиция бөлімше ғимараттарын салу жұмыстарын да қайта жандандыру керек. Өз баяндамасында облыс әкімі цифрландыру, экология салалары бойынша да тиісті сала басшыларына Жолдау талаптарынан туындаған жаңа міндеттерді жүктеді.

Бұдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы «Талдау және болжау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Елдар Сапаров, «Жетісу дарыны» облыстық дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Әлішер Башаров, Талдықорған тері-венерологиялық ауруханасының дәрігері Гүлмира Молдахметова, облыстық аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиевалар жарыссөзге шығып, Президент Жолдауындағы кейбір бағыттарға қатысты өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жолдаудың мақсат-міндеттері жиналғандармен бірлесе талқыланғанын, енді оның басымдықтары туралы халыққа жеткізіп, жан-жақты түсіндірілуі қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ, Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды орындау бағытындағы жұмысты жандандырып, жалғастыру негізгі міндеттердің бірі саналатынына назар аударды.

Жиын соңында әкім Жолдау талаптарын іске асырудың іс-шаралар жоспарын әзірлеп, орындалу мерзімін, жауаптыларды нақты белгілеп, жоспарды іске асыруға белсене кірісу қажет екенін айтып, сөзін түйіндеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Алматы облысы