МЕМЛЕКЕТ ӘР АЗАМАТТЫҢ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАДЫ - ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНАН

Уақыты: 18.04.2022
Оқылды: 1478
Бөлім: САЯСАТ

Биылғы Қаңтар оқиғасы еліміздің аласапыранын шығарып, халқымыздың басына қайғы бұлтын орнатты. Осы қиын-қыстау шақта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Үндеуі жабырқаған жұрттың көңіліне демеу болды. Өз басым сол бір үрейлі шақта «халқыммен біргемін» деген бірауыз сөзін естігенде көзіме жас алған едім.

Енді, міне, Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын да ынтамен тыңдадым. Жаңа Қазақ- станды құруға алғашқы қадамдар жасалып, келешектегі келісті бейнесін болжағандай болдым. Өмірімізге үлкен өзгерістер енетіндігіне қуандым. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президентіміз алмағайып уақытта жұртымызға ең алдымен ауызбіршілік, ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажеттігін атап айтты.

– Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды. Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады. Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси-мәдениетті қалыптастырамыз. Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Жаңа Қазақстанның келешегі кемел, халқының бақытты болғанын қалайтындығын ашып айтты.

– Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз. Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек! Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі жаңғыруға тиіс. Мұның бәрі оңай шаруа емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді, – деді Президент.

Расында, жүрек тебірентерлік сөз. Қазақта: «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», – деп бекер айтпаған. Бір-бірімізді күндемей, қастерлі тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы жолында жұдырықтай жұмылып, еңбек етіп, қоғам дамуына атсалысайық. Бұл міндетті мінсіз атқаруда ұлттық өнерді ұлықтап, салт-дәстүрді жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жүрген аудандық «Әжелер шуағы» ансамблінің мүшелері де шет қалмай, белсенділік танытары хақ.

Мәрия ОРДАБАЙҚЫЗЫ,

Талғар аудандық «Әжелер шуағы» ансамблінің жетекшісі

Алматы облысы