Қаржы халық игілігіне жұмсалады

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 1644
Бөлім: САЯСАТ

Жетісу облыстық мәслихатының кезекті ХІ сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы қатысты. Сессия отырысын облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева ашып, жүргізді.

Күн тәртібінде облыстың 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджеті, облыс бойынша қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы мөлшерлемелерін арттыру, облыстың 2024-2026 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту, облыс мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы «Жетісу облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, облыс мәслихатының «Жетісу облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» шешіміне өзгерістер енгізу және облыстық мәслихат депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселелер қаралды.

Сессия отырысында облыс әкімінің орынбасары Әсет Канағатов 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджетін бекітуге қатысты баяндама жасады.

Баяндамашы үш жылдық кезеңге арналған облыс бюджетінің жалпы көлемі 1,5 триллион теңге, оның ішінде 2024 жылға 506,6 миллиард теңге бөлінгенін айтты.

Салық түсімдерінің негізгі көздері жеке табыс салығы 30,3%, әлеуметтік салық 24,5%, корпоративтік табыс салығы 9,9% және мүлік салығы 6,6% құрады. 2024 жылға бөлінген 506,6 миллиард теңге толығымен халық игілігіне жұмсалады. Атап айтар болсақ, білім беру саласына 204,4 миллиард теңге бөлінбек. Шалғай ауылдарда интернетпен қамтылмаған 68 мектеп «Starlink» жылдам интернет жүйесіне қосылады. Жылдағыдай, аз қамтылған отбасылардан шыққан 24,5 мың бала жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі және жазғы лагерьлерде демалуға мүмкіндік алады. 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуде бір балаға күніне тамақтану құны 500 теңгеден 600 теңгеге дейін артады. Оқушыларды тасымалдауды жүзеге асыру үшін 17 мектеп автобусын сатып алу жоспарлануда. Оның 7 автобусы лизингке, қалғаны облыс бюджеті есебінен алынады, – деді Әсет Қанағатов. 

 «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 600 орындық 7 мектептің құрылысына 11 миллиард теңге  бөлініп, келер жылы 9 нысан күрделі жөндеуден өтеді. Әсет Қанағатов депутаттардың сұрауы бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жаздық лагерьдің күрделі жөндеу жұмысына 807 миллион теңге қаржы бөлінетінін айтты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына 18,3 миллиард теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға 32,6 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Мәдениет, спорт, туризм саласын дамыту мақсатында қажетті қаражат бөлінеді. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін келесі жылы облыс бойынша бюджет қаражаты есебінен 6,3 миллиард теңгеге 1283 пәтерлі 44 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Нәтижесінде 102,9 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі.

Облыс халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және орталықтандырылған сумен жабдықтау мақсатында облыс аумағында 6,9 миллиард теңгеге 14 жоба жүзеге асырылады. Сондай-ақ, өңірді газдандыру жұмыстары жүйелі жалғасуда. 2024 жылы Текелі қаласы, Ескелді, Көксу, Қаратал аудандарының 30 елді мекен газдандырылатын болады. Ауыл шаруашылығында шаруашылықтарды субсидиялауға 22,2 миллиард теңге қарастырылды. Облыс бойынша, бүгінгі таңда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлес салмағы 93% құрайды, бұл көрсеткішті жақсарту үшін облыс жолдарын салуға және жөндеуге 32 миллиард теңге көзделуде. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 12,7 миллиард теңге қарастыру жоспарлануда, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық мәслихат депутаттары күн тәртібіндегі мәселеге қатысты көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алып, көтерілген мәселелерді бір ауыздан қолдады.

Сессия соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев 2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджетін жобалауға қатысты қолдау білдірген депутаттарға алғысын білдіріп, облыс бойынша қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш  113,9% құрағанын ерекше атап өтті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысты дамытудың негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған жұмыс кезек күттірмей орындалады. Көпшіліктің көкейінде Жетісу облысы бөлінген соң экономикалық әлсіреу болады деген күдікті ой болғаны жасырын емес. Бірақ біз жүйелі, әділ, ашық жұмыс істегеннің нәтижесінде бұл күдікті ойды сейілттік. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының көлемі 1,5 есеге ұлғайды. Тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесі өте қарқынды жүзеге асуда. Мен әрбір аудан, қала тұрғындарымен кездескенімде біршама мәселе көтерілген. Панфилов, Кербұлақ, Қаратал, Ескелді аудандарына барынша көңіл бөлуге тырыстық. Нәтижесінде халық игілігі үшін бір ауданда бірнеше нысан ашылды. Облыста апатты жағдайда және үш ауысымды мектеп жоқ. Биыл жаңа оқу жылынан бастап балалар мен жасөспірімдердің тұлғалық жан-жақты дамуына менторлық көмек көрсету, суицидтің, зорлық-зомбылықтың алдын алу, бірыңғай тәрбие кеңістігін қалыптастыру мақсатында Талдықорған қаласының барлық мектебінде «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы қолға алынды. Аталмыш жоба келер жылы облыстың барлық мектебінде жүзеге асады, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Облыс басшысы өңірде медицина мамандары жетіспейтінін, жас мамандарға әлеуметтік қолдау аса маңызды екенін алға тартты.  Облыста атқарылатын ірі жобаларға қолдау болатынын айтты. Өңірде блокты-модульдік конструкцияларды орнату жобасы сәтті жүзеге асырылғаны мәлім. Келер жылы бұл тәжірибе пилоттық жоба ретінде қарастырылмақ. Блокты-модульді медициналық пункт, елді мекендерге газ құбырын тарту, ауыз су мәслесін шешу кезек күттірмейтін маңызды жұмыстар екенін тілге тиек етті.

Халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы. Сондықтан біз бұл жұмысты жүйелі атқарып келеміз. Халықты табиғи газбен қамту деңгейі 2025 жылдың аяғына 71,7% жетуге тиіс. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 42,6% құрайды. «Балқаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желісін салу жұмыстары қолға алынды. Жағалауда 7,4 шақырым жол, 49,2 шақырым су, кәріз және электр желілері салынады. 2025 жылдан бастап демалыс орындары, қонақ үйлер іске қосылады. Аталған істердің жүйелі атқарылуы үшін бәріміз бірігіп ашық, әділ жұмыс істеуіміз керек, – деген облыс әкімі Бейбіт Исабаев сессия отырысын қорытындылады.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай