«ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРҒА» ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛАДЫ

Уақыты: 15.12.2023
Оқылды: 1549
Бөлім: САЯСАТ

Тәуелсіздік – бабаларымыздың аңсаған асқақ арманы, бүгінгі ұрпақтың бағы. Бір ғана сөздің астарында ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен қаншама боздақтардың көз жасы жатыр десеңізші?! Оған қол жеткізу үшін қазақ топырағында талай көтеріліс пен дүмпу болды. Соңғы әрі шешушісі – Желтоқсан оқиғасы. Салтанат сарайында облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен кездесу өткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Желтоқсан оқиғасына әлі де саяси баға берілмеді. 16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген тоқтам сөзінің мән-мағынасы тереңде жатыр. Тәуелсіздік бізге өздігінен келген қалған жоқ. Мұнда ғасырлар бойы азаттықты аңсап өткен ата-бабалардың ұлы арманы жатыр. Қаншама ұрпақ елдің ертеңі үшін жанын пида етті.  Осында отырған әрбір Желтоқсанға қатысушы қыз-жігіттер «ұлттық рух, ұлттық қасиет» сияқты ұлы ұғымдарды жақсы біледі. 1986 жылы талай жастарымыз азаттық жолында жанын қиды. Олардың есімдері ғасырлар керуенімен жаңғырып, жалғаса беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, болашақта Желтоқсан оқиғасына түпкілікті саяси баға берілері һақ. Жалпы жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде желтоқсандықтардың қосатын үлесі зор. Соның ішінде бүгін кездесуге келіп отырған сіздердің өмір жолдарыңыз мемлекетшілдіктің, елжандылықтың жарқын үлгісі, – деген Бейбіт Өксікбайұлы жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде «желтоқсандықтардың» қосатын үлесі зор екенін айтты.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Талдықорғанның мектептерінде «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы жүзеге асырылып жатқанын, осы орайда болашақ ұрпақтың ұлтжанды болуы үшін «желтоқсаншылардың» да оқушылармен кездесу өткізіп, олардың отансүйгіш сезімін шыңдап, сапалы білім алып, саналы болып қалыптасуына үлес қосуға шақырды.  Айта кетейік, бүгінге дейін бұл жоба аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Амангелді Толамисов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  президенті Рауан Кенжеханұлы сияқты елімізге белгілі тұлғалар оқушылармен кездескен еді. 

Еркін форматта өткен кездесуде «Жетісулық желтоқсандықтар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермұхан Жүнісханұлы, Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Отан Смағұлов, Мария Рысбекова сөз алып, бар жағдайды жасап отырған облыс басшысына алғыс білдіріп, алаңға шыққан қазақтың қайсар ұл-қыздарының ерлігін ешқашан ұмытуға болмайтынын айтты.

Шара барысында аймақ басшысы «желтоқсаншыларға» ескерткіш орнатылатынын айтып, бір серпілтіп тастады. 

– Былтыр кездесуде Талдықорған қаласында Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш орнату туралы уағдаластық. Осы күнге дейін арнайы комиссия бірнеше эскиздік жобаларды қарастырды. Енді көп созбай, соңғы үздік жобаны таңдап алуы керек, – дей келе орынбасары Марлен Көлбаев пен қала әкімі Ернат     Бәзілге тиісті жұмыстарды жүзеге асырып, келесі жылы 25 қазан – Республика күнінде ескерткішті ашуды тапсырды. 

Сонымен қатар, облыс әкімі жылына бір рет санаторийлер мен демалыс орындарында тегін медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болатынын да жеткізді.

Жиын соңында азаматтық қоғамның дамуына, жастарға патриоттық тәрбие беруге зор үлес қосып жүрген «желтоқсаншы»  Жүнісхан Ермұхан, Ләззат Ермозанова, Бағдат Айтмұқаева, Гүлнар Көксегенқызы, Толқын Бүкейбаева, Рүстем Машанло облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Айдар ҚАЛИЕВ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай