Олжас Бектенов инвестициялық жобаларды іске қосу рәсімдерін жеңілдетуді тапсырды

Уақыты: 05.03.2024
Оқылды: 607
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестицияны қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров атап өткендей, 2024 жылы негізгі капиталға 22,1 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Бұл ретте инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы шеңберінде жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 234 жобаны іске асыру күтілуде.

Бүгінде республикада жеке капиталды ынталандырудың бірқатар тиімді құралдары жұмыс істеп келеді. Осылайша, ірі инвесторларды тарту үшін инвестициялар туралы келісім жасау тетігі жетілдірілді. Сонымен қатар салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім енгізілді. Бұл тауар өндірушілерге қаржылық ағындарды ұзақ мерзімді жоспарлауға және инвестициялардың қайтарымдылығын болжауға мүмкіндік береді.

Геологиялық барлауға жеке қаражат тарту және мұнай-газ саласының минералды-шикізаттық базасын толықтыру үшін жетілдірілген үлгілік келісімшарт жасау кезінде фискалдық ынталандырулар енгізілді.

Жалпы, бүгінгі таңда Инвестициялық саясат тұжырымдамасын 2029 жылға дейін өзектендіру процесі белсенді жүріп жатыр. Сонымен қатар бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп қолданыстағы қолдау шараларын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Инвестициялық штаб тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жүргізіп жатқан шаралар туралы Қордың басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин хабардар етті.

Премьер-Министр жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қолдау шаралары инвестиция тартудың маңызды факторы екенін атап өтті. Мұнда Үкіметтің негізгі басымдықтары – жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығару, технологиялар трансферті және өндірістерді локализациялау.

Бүгінде елімізде инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отыр.

«Мәселен, арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр. Ал, озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған», — деді Премьер-Министр.

Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал, бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан.

«Біздің арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді. Сондай-ақ біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз, бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ», — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесін ұлғайту екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвесторлардың, квазимемлекеттік сектордың сатып алу рәсімдерінде отандық тауарлар мен қызметтердің үлесін барынша ұлғайту қажет.

«Мемлекет инвесторларға айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Олар да өздерінің тарапынан өнімділікті арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті кадрларды оқыту, тауарлар мен қызметтердің экспортын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша қарсы міндеттемелерді орындауға тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министрдің пікірінше, АӨК саласындағы субсидиялау  тәсілдері де өзгертуді қажет етеді. Қолданыстағы практика шаруаларды озық агротехнология мен инновацияны тартуға ынталандырмайды.

Сонымен қатар жер учаскелерін алу, инфрақұрылым жеткізу рәсімдерінің ұзақ әрі құрылыс нормаларының күрделі болуы – мұның барлығы инвестициялық ахуалға теріс әсерін тигізеді.

«Мемлекет қолдау шараларына орасан көп қаражат бөліп отырғанымен, жеке капиталды тарту мүлдем жеткіліксіз. Бұл іске отандық банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы да мардымсыз. Осыған байланысты қосымша қаржыландыру көздерін тарту бойынша пәрменді шаралар қабылдау керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен даму институттары арасында өзара үйлесімді іс-қимылдың жоқтығынан инвесторлар мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты біле бермейтінін айтты.

«Инвесторларға ыңғайлы болуы үшін мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу қажет. Біз мұны бұрыннан айтып келеміз. Бірақ, нәтиже шамалы», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Осының негізінде Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде қолдау шараларының тиімділігіне кешенді талдау жүргізуді, оларды жақсарту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ ұлттық цифрлық инвестициялық платформаның толыққанды іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Онда преференциялардың барлық түрлерін шоғырландыру керек. Бұл платформаның мақсаты әкімшілік рәсімдерді жеделдету және инвесторлар үшін кедергілерді азайту болуға тиіс», — деді Үкімет басшысы.

ҚР Сыртқы істер министрлігіне «Kazakh Invest» компаниясымен бірге шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты жоспар әзірлеу және онда перспективалы елдерді, трансұлттық корпорацияларды, салаларды және басқа да критерийлерді көрсету, ал «Бәйтерек» холдингіне инвестициялық жобаларды қоса қаржыландырудың қосымша көздерін тарту жұмысын күшейту тапсырылды.