САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР? БЮРО ОТЫРЫСЫ

Уақыты: 30.09.2021
Оқылды: 1380
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы Саяси Кеңес Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Бюро отырысын облыстық филиал төрағасы, аймақ басшысы Амандық Баталов жүргізіп, «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық, аудандық, қалалық Жол карталарының орындалу барысын тыңдады.

Отырыста Алматы облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов, Жол картасындағы іс-шаралардың орындалу жөнінде бірнеше сын-қатерлер орын алған аудандардағы іс-шараларды шешуге қабылданатын нақты шешімдерді Ақсу, Еңбекшіқазақ, Сарқан, Панфилов аудандарының әкімдері баяндады. Бюро отырысына Саяси Кеңес Бюро мүшелерімен бірге облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аумақтық партия филиалдарының төрағалары, аудан, қала әкімдері, партияның қоғамдық кеңес төрағалары қатысты.

«Партияның өңірлік «Жол картасында» 2021-2025 жылдарға барлығы 409 индикатор және 2401 шара қарастырылған. Оның ішінде, 28 индикатор, 291 шара республикалық, 24 индикатор және 165 шара облыстық деңгейде, аудан, қалаларда – 357 индикатор, 1945 шара бар.

Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының сапалы және уақытылы орындалуына бақылау жүргізу үшін облыстық партия филиалы жанынан 12 қоғамдық кеңес есепті мерзімде 347 отырыс өтіп, мемлекеттік мекеме басшылары тыңдалып, отырыстар қорытындылары бойынша 816 ұсыным берілді. Бюро отырысының алдында біздің депутаттық фракция мүшелері, барлық деңгейдегі депутаттарымыз облыстың әр аудан, қалаларында, ауылдарына арнайы мониторингпен барып, анализ жасады.

Біз анықталған олқылықтар бойынша сын-ескертпелер айтып, жыл соңына дейін атқарылуы тиіс жұмыстарға партиялық бақылаудың күшейетінін жеткіздік.

Отырыста «Жол картасында» жыл басынан бергі мерзімде межеленген жоспарға сәйкес тиісті деңгейде атқарылмаған жұмыстар сараланып, облыстық филиал төрағасы Сайлауалды бағдарламаның орындалуы барысында орын алған сын-қатерлер бойынша бірқатар лауазымды тұлғаға, партия мүшелеріне партиялық жаза - «ескерту» жариялап, аталған кемшіліктерді жою үшін нақты хаттамалық тапсырмаларды берді.

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,

Алматы облыстық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі