АЛИМЕНТ ӨНДІРУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1765
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облысымыздың жеке сот орындаушылары алимент өндіру туралы 9 мың 620  атқару құжатын қарады. Оның ішінде 1 мың 571 атқару құжаты аяқталып, қазір 8 мың 49 атқару құжаты жеке сот орындаушыларының қарауында тұр. Алимент өндіру туралы атқару құжаттарының ішінде 517 құжат алимент өндіруге қиындық тудыратын құжат деп есептеледі. Өйткені, борышкерлердің басым көпшілігіне іздеу жарияланған. Ал қалған 415 құжат бойынша борышкерлер алимент төлемдерін ерікті түрде төлеуде.

Орындауға қиындық тудыратын атқару құжаттарының санын азайту мақсатында облыстың жеке сот орындаушылары ревизия жұмыстарын жүргізіп, «Атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен» борышкерлердің жекеменшігін, мүліктік жағдайын анықтады. Қазір анықталған мүлік меншіктеріне және есепшоттарына тоқтам салу жұмыстары жүргізілуде. Осындай бірқатар қиындықтарға қарамастан биылғы жыл басынан сот шешімдерін орындауға бағытталған іс-шаралардың уақытылы қолданылуының нәтижесінде 2 миллион 458 мың 126 теңге алимент өндірілді.
Осыған орай облыстық жеке сот орындаушылар аумақтық палатасы және «Алматы облысының жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесінің бірлесуімен «Алимент өндіруге бағытталған 30 нақты қадам» атты пилоттық жобасына сәйкес «дөңгелек үстел» өткізіліп, алимент өндіруге қиындық тудыратын атқару құжаттары бойынша борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесіне орай кеңес берілді. Бастамаға байланысты қазіргі таңда 61 борышкер жұмысқа орналастырылып, алимент төлемдерінің қайта жандануына ықпал жасалды.
Департамент алимент өндіру бойынша және барлық санаттағы сот актілерінің орындалуына бағытталған жұмысты тұрақты жүргізіп келеді. Мемлекеттік сот орындаушылары арқылы ҚР ӘҚбК-нің 669-бабына сәйкес борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту және іс материалдарын сотқа жіберу бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда жеке сот орындаушылары 67 борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тартса, Қарасай аудандық ІІБ-не ҚР ҚК-нің 139- бабының талаптарына сәйкес борышкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында 10 ұсыныс жолданды.
Елбасының «100 нақты қадам»  – Ұлт жоспарын орындау барысында департамент және облыстық жеке сот орындаушылар аумақтық палатасының бірлесуімен жеке сот орындаушылар санын көбейту жөнінде облыстың барлық аудандарында насихат жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылдан бастап департамент ұсынысымен «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 27-қадамына сәйкес сот актілерінің уақытылы шешім табуына байланысты 6 «дөңгелек үстел» өткізіліп, «Жетісу» телеарнасында сот актілерін орындауға бағытталған шаралар жөнінде бірнеше сұхбат берілді. Сонымен қатар, департамент тарапынан тоқсан сайын «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының ғимаратында «Әділет кеңес береді» атты республикалық акция өткізіліп келеді. Маусым айында жұмыс барысында туындаған қиыншылықтарды талқылау үшін «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының өкілдері және облыстық жеке сот орындаушылар аумақтық палатасының жеке сот орындаушыларының қатысуымен кездесу өткізілді.
Сондай-ақ, сот актілерінің орындалуы жайында өзекті мақалалар «Жетісу», «Алатау», «Огни Алатау», «Талдықорған  ақшамы» газеттерінде жариялануда.

Барлық ТӨРЕХАНОВ,
облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары,

РҚБ Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі.