Жетісу облысында жоғалған екі жасөспірім Шымкенттен табылды

Уақыты: 20.09.2023
Оқылды: 883
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында жоғалған екі жасөспірім Шымкенттен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жоғалған оқушыларды іздеу жұмыстары соңғы екі аптадан бері жүргізілді. 15 жастағы Ақерке Жолдасова мен 16 жастағы Әмір Тергеуов Үштөбе қаласынан хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз Қаратал ауданының полицейлеріне 6 қыркүйекте жазылды.

Кәмелетке толмағандарды жаппай іздеу жұмыстарын олардың туыстары, полиция қызметкерлері жүргізді, сондай-ақ мектептің педагогикалық ұжымы мен еріктілер қосылды.

– 19 қыркүйекте із-түзсіз жоғалғандардың орналасқан жері анықталды. Екі мектеп оқушысы да Шымкент қаласында екені белгілі болды. Полицейлер кәмелетке толмағандарды Үштөбеге жеткізіп, ата-анасына тапсырды. Екі жасөспірім де аман-есен, дендері сау, – деді Жетісу облысы ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Қайрат Журунов.