Салықтан жалтару қымбатқа түседі

Уақыты: 09.01.2024
Оқылды: 634
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жыл басынан бері «Кaspi» ЖОҚ. ТЕК ҚОЛМА-ҚОЛ АҚША ҚАБЫЛДАЙМЫЗ» деген жазуды жиі көріп, естіп жүрміз. Дәмханалар, дүкендер, тіпті, такси жүргізушілері де «Кaspi»қосымшасына ақша аудартпай ат-тонын ала қашуда. Жүгіріп банкоматқа барып, көптен ақша шешпей жүргендер біраз әуреге түскені рас-ақ. Тіпті «Тірі ақшаның дәурені қайта келді» деп қалжыңдап жүргендер де бар. Сонымен ««Кaspi Gold»  тексеріле ме, ол кімге қауіпті, айына қанша төлем аударуға болады деген сұрақтарға жауап іздесеңіз төмендегі мақаланы оқыңыз, ойлы оқырман.

«Мобильді аударымдар тексеріледі екен» деген ақпараттан орынсыз шошудың қажеті жоқ. Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған қадам. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобильді аударым арқылы алады. Бірақ бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Сол үшін кәсіпкер чек бермейді. Ал чек берілмеген жағдайда тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Оны көпшілік талап етпейтіні де анық. Егер тұтынушы тарапынан чек талап етілсе, ол өз құқығын кез келген жағдайда қорғай алады.

Мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі.

«Туыстар мен достарға ақша аударуға болмайды» деген қауесетке сенбеңіз. Жеке тұлғалар туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына мобильді аударымдарды қорықпай жасай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ. 

 Кәсіпкер үстінен шағым түссе бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту беріледі. Егер жіберген қателігін екінші мәрте қайталаса, кәсіпкер  40 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 147 мың 680 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Қазір кәсіпкерлердің басым көпшілігі мобильді аударымдарды қабылдаудан бас тартуда. Олар тұтынушылардан қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастады. Соған орай тұтынушылар да қолма-қол ақша ұстауға көшуде. Осы тұста бұл қаншалықты заңды деген сұрақ туындайды. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 25-бабының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған. Төлем банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен қабылданады деп анық жазылған. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз. Бұл қадам тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкер төлем карточкаларын пайдалана отырып тұтынушыдан қолма-қол ақша талап етсе, заң тұтынушының құқын қорғайды. Кәсіпкер үстінен шағым түссе бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту беріледі. Егер жіберген қателігін екінші мәрте қайталаса, кәсіпкер 40 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 147 мың 680 теңге көлемінде айыппұл төлейді.  

Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына шағым түсіруге толықтай құқылы.  

Ақша аударымдарға байланысты тіпті такси жүргізушілері де қолма-қол ақша алуға бет бұрды. Оларда кассалық аппарат мүлде жоқ. Онда не істемек керек? Заң бойынша жеке тасымалдаушылар да жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Тіркелу жұмысын «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі «Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit» банктер арқылы жүзеге асыра алады. Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашып, көрсеткен қызметі үшін төлемдер қабылдай алады. Әрбір жүргізуші заң аясында тіркелсе, оған  кассалық аппараттар мен POS-терминалдар емес, тек смартфон қажет болады. Бірақ бізде жеке кәсіпкер ретінде тіркелген тасымалдаушылар тым аз. Тіпті жоқтың қасы. Осыған байланысты такси жүргізушілерімен тілдескенімізде олар заңды тіркелу қыруар шығын екенін айтуда. «Таңның атысынан кештің батысына дейін дамыл таппай жұмыс істеймін. Күніне орта есеппен 10-15 мың теңге тапсам қуанамын. Ол жанармай, күнделікті азық-түлік сатып алудан артылмайды. Арасында көлік бұзылса алатын құрал-сайманы тағы бар. Егер біз заңды түрде тіркелсек, салық төлейтініміз анық. Сондықтан мен тұтынушыларымнан қолма-қол ақша талап етемін. Бұрындары артық тиын-тебен ұстамайтындар қазір қайта әмияндарын аша бастады. Есесіне мен мемлекетке алақан жайып, салмақ салып отырған жоқпын», – деді 20 жыл жүргізуші болып қызмет атқарған Ерлан Қизатов.  

Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Бүгінде бизнес жүргізуге және оны дамытуға мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілген. Салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1-4%. Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдар қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «көлеңкеде» қалып, салық бақылауына түседі. Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Яғни, барлық салық төлеуші тең болуы және алынған табыстан салық төлеуі тиіс. Себебі ЗАҢ БАРШАҒА ОРТАҚ. 

Талдықорған қаласындағы консалтингтік қызмет көрсетумен айналысатын «AB Capital» ЖШС басшысы Берік Аяғановтың айтуынша, егер сіздің атыңызда жеке кәсіпкерлік тіркелген болса, қаражатты Kaspi Gold арқылы аудару заңбұзушылыққа жатады. 

–  Жеке тұлғалардың шоттарына мобильді ақша аударымдарын көпшілік кәсіпкерлік қызметтен түскен кірісті жасыру үшін пайдаланады. Яғни, төлемдерді осылайша қабылдау чек бермей жүзеге асыру заңсыз болса да заңды белшесінен басқылары келеді. Осыған байланысты мемлекет азаматтардың алған мобильді аударымдарын кезең-кезеңімен тексеруді бастады. Оған кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгілері бар операциялар ғана жатады. Көптеген жеке кәсіпкерлер салық төлеуден жалтару үшін туыстарына ақша аудару тәжірибесін қолданады. Кәсіпкер кез келген тауар сатса, өзге де кәсіпкерлік қызмет көрсетсе төлемді кәсіпкерлік шотқа, яғни, Kaspi Pay, QR арқылы алуы керек. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тіркелген жалпы сома есепке алынады. Нәтижесінде айыппұл мен 10 пайыз мөлшерінде салық төлеу міндеттеледі, – дейді Берік Қасенұлы.

ТҮЙІН: 
Қысқасы, егер сіздің атыңызда жеке кәсіпкерлік тіркелмесе, алаңдайтын түгі жоқ. Дәл бұрынғыдай жақыныңыздан, досыңыздан, танысыңыздан шексіз ақша қабылдай бересіз. Сондықтан да тұтынушы ретінде қаржылық сауаттылығыңызды арттырып,  өзіңіздің құқығыңызды біліп жүргеніңіз жөн.

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: ekaraganda.kz